​Грантқа әркімнің-ақ бар таласы

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы 2017-2021 жылдарға арналған. Үш жарым жылы артта қалды, енді бір жарым жыл ғана әрекет етеді. Осыған орай, халықты еңбекке шақыруға, оларға кәсіп ашып беруге, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған бағдарламаның ұсынатын мүмкіндіктерін барынша пайдаланған абзал. Соның ішінде қайтарымсыз гранттардың орны ерекше. Өткен жылдың өзінде еліміз бойынша 1236 адам бағдарламаның көмегімен өзінің стартап-идеяларын жүзеге асырған екен.DSC_0030 (2)
Кімде-кім болсын жалдамалы жұмыстан бас тартып, өз кәсібін ашқысы келеді. Алайда күнкөрістен қалатын артық қаражат пен ұтымды идеяның жоқтығы бұған қолбайлау боп тұр. Шешім жоқ емес, бар. Бүгінде мемлекет кәсіпкерлікті қолдау мақсатында азаматтарға «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз гранттарды тағайындап келеді. Осы грантқа қол жеткізіп, арманына бір қадам жақындағандардың қатарында Рудный қаласының тұрғыны Юлия Асылғұлова да бар.IMG_20200823_213036_988
Юлия 15 жылдан бері үй жағдайында жеке тапсырыстар бойынша кондитер өнімдерін пісірумен айналысады. Әсіресе, түрлі-түсті суреттермен безендірілген торттары үлкен сұранысқа ие. Дәмі тіл үйіреді, әрі бағасы қолжетімді. Сондықтан оның инстаграмдағы бизнес парақшасына күніне кем дегенде бір-екі тапсырыс келіп түседі екен. Одан артыққа уақыт та, мүмкіндік те жоқ болғандықтан көптеген клиенттерінен айырылған. Ал шағын кондитер цехын ашуды көптен бері жоспарласа, нақты қадам жасауға осы кезге дейін жүрексініп келген.
– Әрине, кез келген істі бастарда қорқыныш болады. Ал «Еңбек» бағдарламасына қатысып, «Бизнес-бастау» курсынан өтіп, бизнес жобамды сәтті қорғап шыққаннан кейін қорқынышым сейілді. Мемлекеттің берген жарты миллион теңгесін барыншы ұқыпты пайдаланып, қажетті құрал-жабдықтар мен шағын орынды жалға аламын. Сүйікті ісіммен айналысып қана қоймай, қаражат табуға мүмкіндік берген Жұмыспен қамту орталығы мен Кәсіпкерлер палатасына алғыс айтамын, – дейді кәсіпкер.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант– қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады. Қаражат тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және жалдау ақысы ретінде берілмейтінін айта кетейік.
«Еңбек» бағдарламасына қатысып, бағы жанғандардың қатарында Еламан Жаңбыршин де бар. Ол ұмыт болып бара жатқан отбасылық дәстүрді жандандырып, қой өсіруді жөн санапты. Таңдауыжүні қылшық, терісі бағалы, өте өсімтал, әрі солтүстіктің климатына шыдамды роман қой тұқымына түсіп отыр.IMG_20200823_213027_163
– Атам қазақ «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп бекер айтпаса керек. Кішкентайымнан малмен етене араласып өскесін мен үшін бұл шаруа ешқандай қиындық туғызбайды. Алдымызға мал салып, еңбек етуге жағдай жасалып тұрғанда, мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды. Менде қазір малды ұстайтын қора дайын. Тек әзірге қой жоқ. 200 АЕК көлеміндегі мемлекеттік грантты осы мақсатқа жұмсаймын, – дейді жас жігіт.
Еламанның бұл бастамасы «тепсе, темір үзетін», алайда қол қусырып, ата-анасының тапқан табысын желге ұшырып жүрген жастарға үлгі. Қазір «еріншек, бекер мал шашпақтың» заманы емес.
Бағдарламаға жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде есепте тұрған, жәрдемақы алушылар, қандастар, көп балалы және аз қамтылған отбасылар мен мүгедектігіне қарамастан еңбекке жарамды азаматтар қатыса алады. Барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, өз ісін ашқан кәсіпкерлерге Кәсіпкерлер палатасының мамандары бір жыл бойы жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Биылдың өзінде 20 шақты Рудный тұрғыны «Еңбектің» грантына қол жеткізіп отыр. Көбі шаштараз, сұлулық салоны, химиялық тазарту, сауда-саттық, пиццерия, өнер мектебі, кондитерлік цех сияқты кәсіп түрлерін таңдаған. Бастамалар жемісті болсын!
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓