FlyArystan: жаңа рейстер ашылмақ
Бүгінгі таңда Қазақстанның туризм саласын одан әрі дамытуға зор әлеуеті бар. Еліміздің қай түкпірін алып қарасаңыз тұнып тұрған тарих – көз тойдырар көрікті орын, ежелден қалған ескерткіш, көнеден қалған мұра, бабадан жеткен дәстүр. Әрине, Ұлы Даланың ұшы-қиыры жоқ атырабын аралап, тұма табиғаты мен тылсым дүниесінің талайын кім көргісі келмесін. Алайда бұл жағынан ең ақсап тұрған тұсымыз – жол қатынасы екені жасырын емес. Сапарға шығатындардың діттеген нүктесіне қысқа мерзімде, арзан бағамен, бастысы қауіпсіз көлік түрімен барғысы келетіні анық.
Отандық FlyArystan әуе компаниясының бастамасы және Шымкент қаласының әкімдігімен бірлескен уағдаластық арқасында ішкі туризм мол мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. Оған себеп те жоқ емес – биыл Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін иеленді. Қос тарап 20-21 тамызда Қостанай және Павлодар облыстарының журналистері мен блогерлері үшін баспасөз саяхатын ұйымдастырды. Кейін мұндай ақпараттық тур басқа өңірлердің тілшілер қауымы үшін де ұйымдастырылатын болады.
Көне Шымқалада сапарлаған екі күн ішінде Бейісбековтер отбасылық сурет-көркемөнер көрмесі, «Қылует» этнографиялық мұражайы, шаһар орталығындағы көне кент орны, Этноауыл, Бәйдібек би ескерткіші, дендрологиялық саябақ, ежелгі Сайрамдағы Хызыр пайғамбар мұнарасы, Ибраһим ата, Қарашаш ана кесенелерімен танысып келген жайымыз бар. Шырайлы шаһардың қонақжайлығы мен сапардан алған әсеріміз жайында алдағы нөмірлерде кеңінен тоқталатын боламыз.
FlyArystan әуе компаниясы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ішкі туризмді дамытуға арналып ашылған Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы лоукостер (билет бағасын ең төменгі бағада сататын авиакомпания). FlyArystan – Air Astana әуе компаниясының еншілес мекемесі. Алғашқы сапары өткен жылдың 1 мамырында орындалды. Әуе флотында Airbus А320 маркалы 6 ұшағы бар, әр әуе кемесі орташа 7 жыл қызмет етіп келе жатқан Қазақстандағы ең жас реактивті флот. Алдағы уақыт компанияның ұшақ санын ұлғайту жоспары тұр.
Бір ерекшелігі, әуе лайнерлерінде бизнес-класс салоны жоқ, тек эконом-класты 180 орынның біріне отыра аласыз. Бұл да қарапайым халық үшін жасалған зор мүмкіндік екені рас. Ең арзан баға – 3999 теңгеден басталады. Бұл қосымша қызметтерді тек қажеттілігіне қарай сатып алуды ұсынатын лоукостерлер тәжірибесі арқасында туындаған мүмкіндік.
– Аймақтардың байланыстарын нығайту мақсатында Қазақстанның облыс орталықтары мен мегаполистері арасында тікелей әуе рейстерін ашып отырмыз. Мақсатымыз айқын – ел тұрғындарын қолжетімді баға мен сұранысы жоғары бағыттар бойынша баршаға саяхаттауға мүмкіндік жасау. Бұған дейін еліміздің көптеген облыс орталықтарынан Шымкентке тура келетін рейстер болмап еді. Енді міне, Шымқалаға бұған дейінгі Нұр-Сұлтан мен Алматыдан бөлек, Атырау, Ақтау, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Өскемен қалаларынан тікелей бағыттар ашылғалы отыр. Ал лоукостердің бағдарлар желісінде Қазақстан бойынша 30-дан астам бағыт бар. Ірі шаһарлардан бөлек, шағын қалаларды да өзара байланыстырады. Бүгінге дейін 1,4 миллионнан астам жолаушыны тасымалдап үлгердік. Әуе салондары үнемі жолушыға толы, бос орындар жоқтың қасы. Жаңа рейстердің ашылуымен саяхатшылар саны да арта беретіні сөзсіз. Ендігі кезек билеттер жайына келсек, алдын ала сапарды жоспарлаған тұрғындардың ең төменгі бағада жолақысын төлеуіне мүмкіндігі бар. Егер бір апта ішінде билет алатын болсаңыз, онда, әрине, құны арзан болмайтынын ескертеміз. Бұл әлемдегі барлық лоукостерлер қолданып келе жатқан тәжірибе, – деді FlyArystan авиакомпаниясының баспасөз хатшысы Ләззат Нәбиева.
Айта кетейік, әуе тасымалдау компаниясы келесі жылдың 27 наурызына дейін билеттерді сатылымға шығарып қойған. Бір қызығы, авиа мекемеде касса деген атымен жоқ, ұшу билеті тек flyarystan.com сайтында және FlyArystan мобильді қосымшасында сатылады. Сол себепті, билет пен жолжүгіңіздің сомасын ерте бастан онлайн төлеп қойғаныңыз неғұрлым арзанға түседі. «Икемді» тарифі бойынша 2 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға 50% жеңілдіктер ұсынылған. «Үнемді» тарифінде балаларға ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған, бірақ бұл тариф бойынша билеттер құны көбінесе жеңілдік тарифіне қарағанда арзан келеді. Авиакомпанияның Instagram желісінің flyarystan парақшасына кіріп те көптеген мәліметтер ала аласыз.
– Аймағымызда жылдың 300 тәулігі күн ашық тұрады. Жаз ұзақ, әсіресе, елдің өзге өңірлерінің тұрғындары Наурыз, Қазақстан халқының бірлігі күні, Жеңіс мерекесі қатарлы мейрамдар қарсаңындағы бірнеше күнгі демалыстар кезінде арзан ұшақпен шырайлы Шымқалаға келіп, өңіріміздің тарихи-мәдени орындарымен танысып қайтуына мол мүмкіндігі бар. Керісінше, біздің жерлестеріміздің де солтүстік облыстардың табиғаты көрікті жерлерін аралап келуіне бар жағдай жасалды деген сенімдеміз. Ең бастысы, бұл шығыс пен батысты, күнгей мен теріскейді, орталық пен төрт тарапты байланыстыратын ауқымды науқан болып отыр, – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов журналистермен өткен баспасөз жиында.
Бір жылдан астам уақыт аралығында жаңа компания көп жетістікке жетті. Kazakhstan Growth Forum 2019 пікірінше отандық алғашқы лоукостер «The Best Deal of the Year» жыл мәмілесі номинациясына ие болды. Ал 23-ші рет өткізілген «Крылья России 2019» авиация байқауында «ТМД-дағы жыл оқиғасы» аталымының жеңімпазы.
Заманауи лайнерлер жоғары сапалы НЕРА фильтрлерімен жабдықталған, олар салон ішіндегі микробтарды 99,97%-ке дейін ұстап қалатын қауқары бар. Техникалық қызметті Air Astana әуе компаниясының инженерлік бөлімі атқаратынын еске салу керек. Авиалайнерлердің ұшу жарамдылығы жөніндегі сертификаттары еліміздің әуе басшылығымен жыл сайын расталып отырады. Борттарды әмбебап ұшқыштар басқарады. Жұмыс тәжірибесі 10 жылдан асқан экипаж мүшелері тұрақты түрде әлемнің үздік орталықтарында білімдерін жетілдіргендер.
Ал әуе кемесіндегі бортсеріктердің жоғары біліктілігі, мәдениеттілігі мен тәжірибелі мамандар екеніне осы жолы ұшқан сапарымызда көз жеткіздік. Әрбір сапары Екі траптан ұшаққа мінген жолаушыларды жылы шыраймен «сәлеметсіз бе, қош келдіңіз, сапарыңыз сәтті болсын» амандығымен қарсы алған олар рейс барысында барлық ақпараттар мен ескертулерді үш тілде хабарлап отырады.
Алматы экономика және қаржы академиясының түлегі Мәдина Төкенованың еңбек жолы FlyArystan авиакомпаниясында басталыпты. Бір жарым жыл бортсерік қызметінде еңбек етіп келе жатқан бойжеткен өмірінің 900 сағатын аспанда өткізген екен. Жалпы, бортсерікке қойылар талап та жоғары – бойың мен түр әлпетіңнен бастап, қазақ, ағылшын, орыс тілдерін білуің міндетті. Бұдан көбірек тілдерді білгеніңнің артықтығы жоқ. Әрине, қазақтың қыздарының бәрі сұлу ғой, бірақ бірнеше тілді, әсіресе, өз ана тілін білу бәріне бұйыра бермеген бақыт. Мәдинаның бұл жағынан жолы болған екен – қанымен келген қасиетті тілімізбен қоса, ағылшын, орысшаны еркін меңгеріпті.
– Алғашқы кезде әуеге көтерілер сәтте бойымды қорқыныш билегені рас. Бірақ қазір үйреніп қалдым. Біз өзіміздің өмірімізді жолаушылардың қауіпсіз ұшуына арнап келеміз. Саяхатшылармен неғұрлым сыпайы, мәдениетті тіл табысу, кез келген сұрақтарына жауап беру, туындаған мәселесін шешу негізгі міндетіміз, – дейді Мәдина.
PS. Бұған дейін біздің өңірімізден Нұр-Сұлтан мен Алматыға және кейін қарай қатынап келе жатқан FlyArystan әуе кемелері 28 тамыздан бастап Қостанай-Шымкент, Шымкент-Қостанай бағытында көкке көтерілгелі отыр. Аптасына 2 рет жүзеге асатын бағыттар бойынша билет құны 7999 теңгеден басталмақ. Өзіңізбен бірге 5 келі қолжүгін (мөлшері 56*36*23 см) алып жүре аласыз. Бұдан бөлек, дәл осы күні мұнайлы астана – Атыраудан Тобыл топырағына да аптасына екі рет FlyArystan ұшағы қатынамақшы. Билет құны 6999 теңгеден басталады.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Қостанай-Шымкент-Қостанай.