Ауылдықтардың күшімен спорт зал ашылуда
Ауылдағы жақсы жаңалықтың бірі арнайы спорт залының салынуы. Бұрын балалар мектеп ішіндегі акт залында спортпен шұғылданатын. Бірақ ол жер ыңғайсыз екені белгілі. Кезінде басталып, бірақ аяқталмай қалған залдың жөндеу жұмыстары арада көп жыл салып қайта жанданған. Осындай игі іске ауыл балалары риза, спортпен шұғылданамыз деп мәз. Осындай істің бәрі ел азаматтарының өз күштерімен атқарылып жатыр.
- Жөндеу жүріп жатқан спорт залы арнайы салынғаны болмаса құрылысы аяқталмай, бос тұрған еді. Бұл да мектептің бір бөлігі. Төрт қабырғасы мен төбесі ғана жабылған. Неше жыл қаңырап тұрды. Соны ел адамдары бірігіп қаражат жинап, былтырдан бері қолға алдық. Кәсіпкер, бұрындары осы ауылда тұрған Павловский деген азамат келіп, көріп, осы залға миллионға жуық қаражатқа пластикалық терезе салғызып берді. Одан қалды Аман Аянов ағамыз да миллион теңге берді. Ол қаражатқа есіктерін салып, жылу жүйесін жүргіздік. Ауылдағы 15 шаруашылық көмектесті. «Нұрлы жол» ЖШС басшысы Мүбәрәк Шаяхметов 4 миллион аударды. Осы қаражаттың барлығы керекті материалдарға жұмсалуда. Қазір электр желісі тартылып, едені салынып жатыр. Су да тартылады. Арнайы бөлмелері, спорт жабдықтары алынған. Енді ауыл балаларына түрлі спорт секциялары жұмыс істейтін болады, – деп қуанышты жаңалығымен бөлісті ауылдық әкімдіктің бас маманы Дүйсенбай Көкішев.
Оның сыртында ауылдың әр жылғы түлектері бірігіп, туған жерге көмегіміз деп қаржылай қолдау көрсетуде. Бұл да айтарлықтай көмек. Бастысы ауыл жастары қай жерде жүрсе де елге бүйректері бұрып тұратыны қуантады.
- Өзіміз бірігіп, ауылды гүлдентпесек бізге ешкім сырттан ештеңе әкеліп бермейтіні шындық. Осы спорт залды биыл бітіріп, қыркүйекте қолданамыз деп жоспарлап отырмыз. 71, 63, 82, 73 жылғы туылған түлектер әр жерде жүрсе де бірігіп, мектепке көмек деп қаржылай көмек берді. Қажет-ау деген заттарды алдық. Серік Жанайдаров деген кісі сыныптастарымен бірігіп, спорт құралдарын алды, одан да басқа ауылға көмегі көп болды. Осылай айта берер болсақ елге жанашыр жандар аз емес, олардың ниетіне риза боласың. Туған жерді түлетуге деген көңілерінен айналдық. Енді ішке су жүргіземіз деп отырмыз. Бұрын мектеп басталып, аяқталмай қалған соң көп іс орта жолдан тоқтап қалған. Амандық болса су құбырын қойдыртамыз. Сосын су жүргіземіз. Аристон да түлектердің күшімен алынған. Қысқасы ауылда осындай игі істер көбейе берсе екен дейміз, – дейді мектеп директоры Әділ Аренов.
Біз барған шақта еден салуға қажетті материалдар әкелініп жатыр екен. Ауыл азаматтары жүкті түсіруге жиналып қалған. Ішке электр қуаты тартылып жатыр. Әйтеуір қызу жұмыс. Осы істің басы-қасында жүргені кісінің бірі ауыл азаматы "Нұрлан" шаруа қожалығының басшысы Қали Балбыраев.
– Осы ауылда өстік, өндік. Шағын ғана ауылды қалай сақтап қаламыз, қалай көркейтсек болады деп еңбектеніп жатырмыз. Міне, мынау шағын ғана спортзалды жөндеуге барлығы 14 млн қаражат жиналды. Оның ішінде шаруа қожалықтары бар, ЖШС бар, ауылдың қыз-жігіттері бар осынша қаражат құйды. Жалпы ауылдың жайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Бір қиыны интернет желісі әлі күнге дұрыс ауламайды. Осы жағынан көмек болса жақсы болар еді. Келер жылы кіре беріс 18 шақырым жолға асфальт төселсе, су құбырын жаңартса деген ойымыз бар. Су бұлақтан келіп тұр. Ауылдағы қазіргі су құбыры сонау 69 жылдары істелген. Тозығы жетіп тұр. Үкіметтен айтарлықтай көмек болмаған соң бірігіп, өз мәселемізді өзіміз шеше береміз. Барлығы да ауыл адамдарының күшімен атқарылып жатыр, әйтпесе қаншама қазақ ауылдары жойылып кетті, – дейді осы іске бас-көз болып жүрген Қали ағамыз.
Енді ауыл жастары спортқа бет бұрып, кәсіби түрде шұғылданбақ. Оған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі риза. «Балалар бұрыннан мүмкіндігінше бокс, күреспен айналысатын. Енді арнайы орын болған соң, ішінде бар жағдайы жасалса жастарды шынықтырып, небір жарыстарға біздер де барамыз», – дейді Ерболат Аймағамбетов.
Қостанай-Аманкелді-Қостанай
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков.