Вакцина жылдағыдан көбірек алынды
Қостанай облысы тұмауға қарсы вакциналарды сатып алуға кірісті. Биыл бұрынғыға қарағанда 10 мың доза көп сатып алынады. Бұл шешім аймақ тұрғындарының 8,5 пайызын қамтуға және ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды alau.kz.
Тұмауға қарсы жоспарлы егу халықтың бір бөлігі үшін тегін болады. Биыл вакцина жылдағыдан көбірек сатып алынады.
"Жергілікті атқарушы орган тұмауға қарсы 70 мың доза вакцина сатып алуға қаражат бөлді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың дозаға көп. Ресейлік "Гриппол плюс" вакцинасы Петровакс Фарм өндірісінен сатып алынады",- деді Қостанай облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлім Досымова.
Департамент мамандары вакцинаны көбірек сатып алу туралы шешімді күзде болады деп болжанған коронавирустың жаңа толқыны қаупімен байланыстырмайды. Вакциналанатындардың саны жыл сайын артып келеді. Дәрігерлер екпе қабылдайтын облыс тұрғындарының көлемін 10 пайызға жеткізсек дейді. Алайда, қосымша алынған 10 мың вакцина өңір жұртының тек 8,5 пайызын егуге мүмкіндік береді.
Өткен жылдағыдай тәуекел топтары тегін егіледі. Бұл дегеніміз – медицина қызметкерлері, созылмалы аурулары бар адамдар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жүкті әйелдер, медициналық және әлеуметтік мекемелердегі адамдар.
Тегін егілу үшін тіркелген емханаға хабарласуға болады. Қауіп-қатер тобына кірмейтін адамдар ақы төлеп егіледі.
"Ақылы кабинеттердің санын қазір медициналық ұйымдар анықтап жатыр. Сондықтан, біраз уақыттан кейін халықты ақылы негізде кім егетіні туралы ақпарат болады. Өткен жылдың тәжірибесі бойынша 2 мың вакцина ақылы болуы тиіс", – деді Гүлім Досымова.
Биыл вакцинация қыркүйек айының соңында және қазан айының басында жүргізіледі. Оның нақты күндері туралы қосымша хабарланады.