Қара қазанның майлы құрты
Ләйлә апамыздың қара құртын сонау Қостанайдан тапсырыс беріп алдыртатындар бар. Елдің дәмін аңсайтындар ауылдың қара қазанында қайнаған қара құртты аңсайды.
Жалпы, ұлттық тағамдарымыздың қадірін енді біліп жатқандаймыз. Қалада тұрсақ та ауылдың таза дәмін сағынып, тапсырыс беріп алдыртамыз. Бұған ауыл апалары да үйреніп алған. Бір жағынан қосымша қаражат көзі де болып отыр. Қымыз, май, құрттың түр-түрі, қызыл ірімшік… шіркін, ауылдың дәмі деп таңдай қағамыз. Осындай өнімдердің бәрін бір жазда ауыл келіншектері өндіріп, өзіне де, өзгеге де жететіндей етіп жиып алады. Нағыз таза, еш қоспасы жоқ, пайдалы тағамдар.
Ләйлә Исабекова Бүйректал (Ақсай) ауылының тумасы. Осы ауылда өсті, өнді, енді әже болып, бала-шағасының қызығын көріп отыр. Жолдасы Мұрат өмірден ерте озып кетті. Шиеттей бала-шағаны жеткізу оңай болған жоқ. «Қанша қиын болса да, балаларым ер жетеді, әкесінің орнын толтырады, бар қиындық артта қалады» деп сенді. Қазір солардың ортасында шүкірлік етіп отыр.
Жаз бойы балалар жұмыста, өзі қарап отырмай, қолдағы малды жаратып, құрт қайнатып, май айырады. Сатқанынша сатады. Кептіріп те, сұйықтай да сақтайды. Сұраныс көп. Егер кәсіп етсе, бұл іс алға басар еді. Ауылдағы жастар қолға алып, тұрақты айналысса, тәп-тәуір кәсіп.
– Биыл сұраныс көп болды. Құртты тез қайнатып, сұранысына қарай жіберіп азғантай болса да нәпақа таптық. Немерелеріме жаратқаныма риза болып отырамын. Біз сияқты әжелерге одан асқан бақыт бар ма. Майлы құртты сорпаға араластырып, құрт көжеге сары май салып, қыс бойы ішіп тұрса ешкім де ауырмайды. Қазақ халқы ағзаға қандай тағам керегін білген ғой. Дүкеннің химия толы заттарын алғанша, өзіміздің елдің дәмін тұрақты қолдана білейік. Балаларды да соған үйрету керек. Сонда ғана деніміз сау, бойымызда қуат болады, – дейді Ләйлә апамыз.
Күннің шуағымен, шөптің нәрімен, алақанның жылуымен жасалған қара қазанның дәмі әр үйде болуы керек. Ендеше, майлы құрттың дәруі бойымызға дарып, қай індетке де бой алдырмайық.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Қостанай – Аманкелді ауданы – Қостанай.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.