Ләззат Қапышева: «Журналистика – өзіңнің емес, өзгенің мұңын арқалау»
… 2012 жылдың 24 желтоқсаны. Амангелді ауданының бір топ жасы Арқалыққа асықтық. Мұнда танымал журналист Ләззат Қапышевамен кездесу кеші өтіп жатты. Сахнада жерлесіміздің «Өмірдің өзі новелла» атты кітабының тұсауы кесілді. Кеш иесі туралы Арқалықтың Ақ Берігінен (Берік Әбдіғалиев) бастап, Алаштың ақтаңгері Айбек Қалиевтер ағынан жарылды. Қазақ әйелі мен қаракөз бөбектердің жағдайын бірнеше хабарына арқау еткені айтылды. Оның ауылынан келген біз марқайып, мақтанып отырдық. Кеш соңында басты кейіпкерден қолтаңба алып, суретке түстік.
…Міне, араға бірнеше жыл салып, танымал тұлғамен тілші ретінде әңгімелесудің сәті туды. Ләззат Мейрамханқызы қоғамдағы қордаланған мәселелер төңірегінде ой қозғап, журналистиканың кешегісі мен келешегі туралы айтып берді.
– Ләззат апай, сұхбаттарыңыздың бірінде: «Менің журналистикаға келуіме әкем көп ықпал етті. Ол кісінің де арманы журналист болу екен», – депсіз. Мейрамхан Қапышевты Амангелді ауданы халық театрының тұңғыш режиссері ретінде танимыз ғой. Әкеңіз туралы айтып беріңізші.
– Әр ата-ана баласының мамандық таңдауына, оны қалай игеріп шығатынына, жалпы өмірде қандай азамат болып қалыптасатынына алаңдайды. Негізі менің әкем қызметін аудандық газеттен бастаған. Расымен де журналист болуды армандаған. Ақындығы бір төбе. Менің «Сыр мен мұң» деген кітабымда әкемнің құрбы-құрдастарына арнап жазған өлеңдері басылды. Әкем Алматы қаласына барып, Абай атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Алайда денсаулық жағдайына байланысты ауылына қайтып келуге мәжбүр болады. Осылайша, қатардағы журналист аудандық атқару комитетінің назарына ілігеді де, аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа шақырылады. Міне, өнер мен мәдениет тақырыбы Мейрамхан Қапышевтың жүрегіне осы уақыттан бастап орныққан. Өмірін өнерге арнаған ол өңірге танылған аудандық халық театрын құрады. Бұл өз дәуірінің айтарлықтай оқиғасы болды. Театр құрамына кәсіби әртістерді емес, жұмысшы қауымды, әкімдік қызметкерлерін, өнерге жақын адамдарды жинады. Әкемнің өнерге берілген адам екені соншалық – әр ісіне адалдық танытатын. Жұмысы алтыда бітсе, бірден театр жұмысына, репитицияға асығатын. 40 шақты адаммен түн ортасына дейін жаттығу жасайтыны бар. Мен ес білгелі осылай еді. Түні бойы жазу үстелінде отырады. Кейін білсем, журналистік қырынан ауытқымаған екен. Көп нәрсе жазып қалдырды. Бір дәлелі, Ақан Нұрманов туралы бірнеше көлемді мақала жазған. Оның біразы «Тың шұғыласына» жарияланды. Соңғы уақытқа дейін әкемнің өзі туралы, әріптестері жайында жазған қолжазбасын сақтадық. Бірақ, көшіп-қонып жүргенде оны жоғалтып алғанымызды айтсайшы! Бір олқылығымыз осы болса керек-ті. Тек өзіммен бірге бір дәптерін ұстап жүрдім. Оның өзін кезінде атқару комитетіндегі Майра апамызға тапсырыппын. Кейін алпыс жылдығында мен үшін құнды дәптерді өзіме қайтарды. Бұл да бір өмірдің қайталанбас кезеңі ғой. Әкемнің бір қасиеті – адам баласын бөле-жармайтыны. Біздің үйде халық әртісінен бастап, әкім-қараларға дейін қонақ болды. Сырттан кім келсе де, біздің үйге түсетін. Бұл әкемнің сыйы мен абыройының артқаны деп білемін. Қайда жүрсем де, Мейрамхан Қапышевтың қызы деген асқақ атты аластатпауға тырысамын. Мүмкіндікті пайдаланып, былтыр әкемнің құрметіне «Өмір.Өнер.Өнеге» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізген Амангелді ауданының әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді.
Сен білесің бе, бота, менің мәңгілік сағынышым – туған жерім. Сол Аманкелді ауданында өткен балалық пен жастық шағымды сағынып жүрмін. Ұялы телефонның жоқ кезі ғой. Менің темірқазығым анашым еді. Бір жақсылыққа қол созсам, жетістікке жетсем, бауырларым жақсы болса, қомақты қаражат тапсам, анашым қуанса деп тілейтінмін. Жолсапарда жүргенде анама қонырау шалып, үйге, балаларға не қажетін сұрап отыратынмын. Шет елде, өз елімізде іссапарда жүргенде анама базарлықты көп іздейтінмін. Мұның бәрі ғажап естеліктер еді.
– Аға буынның ақылын естіп, тәлімін алған қатардағы журналист болдыңыз ғой. Өткенге оралыңызшы, сізден кәсіби маман жасаған кімдер? Кімді үлгі тұтып, кімнен сөз үйрендіңіз?
– Қасқырбай, аға буын дегенің – үлкен ұғым. Оның қадірі мен қасиетін білетін халықпыз ғой. Осындай абыройлы татқа лайықты жандардың бірі – Әбілфайыз Ыдырысов. Ағамызды таныстырып жатудың өзі артық. Міне, мен осы кісінің арқасында маман болдым. Мықты журналист болдым деп жөнсіз мақтануым артық. Тік жүріп, тура айтуға тырыстым. Мұның бәрі Әбілфайыз ағамның арқасы. Бір жағынан ол кісі әкеммен бөле-тін. Мені «Ләзкен» деп еркелететін. Тобыл-Торғайдың мақтан тұтатын тұлғасы еді ғой. Көреген адам болатын. Менің шығармашылық емтихандағы жазғанымды көріп: «Менің Ләзкенім үлкен жазушы болады», – депті. Осы сөзі маған үлкен қанат бітірді. Әрине, оқу ордасында сақа журналистерден, атағы мықты профессорлардан тәлім алдық қой. Бірақ, Әбілфайыз Ыдырысовтың менің маман ретінде қалыптасуына сіңірген еңбегі көп. Тіпті, телевизия саласына келуіме себепкер болды. Теле-радио саласында Рафаэль Жұмабаев, Камал Смайылов, Ғаділбек Шалахметов, Еренғайып Әбдіхалықов ағаларымның қамқорлығын көрдім. «Кел, балалар, оқылық» хабарын ашып берген Сағат Әшімбаев ұстазымның орны бөлек. Шерхан Мұртаза, Жүрсін Ерман, Ннұртілеу Иманғалиұлы сияқты аға-әріптестерімді үлгі тұттым. Кейін тәжірибемді шыңдап, қоғамдық-саяси редакцияның әйелдерге арналған «Сырласу» тележурналының редактор-жүргізушісі болып тағайындалдым. Міне, ақылын айтқан ағалардың арқасында журналистика саласында қырық жылдан астам қызмет еттім ғой.
– Адамдардың сан қилы тағдырын өзек етіп, тұрмыс тауқыметін ашып көрсеткен әңгіме-новеллаларыңыз жетерлік. Оның әрқайсысы да ешкімді бейжай қалдырмайды. Бір ғана «Өмірдің өзі новелла» радиохабары талайларға ой салды. Кітап болып жарыққа шықты. Меніңше, бірнеше циклдан тұратын хабардың мақсаты – адамдық мен мейірімділікті сақтау. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда көңіл айнасына көлеңке түсірмей, сыйласып өткенге не жетсін! Солай емес пе, апай?
– Журналистика – өзіңнің емес, өзгенің дертін, мұңын арқалау. Ішіне үңілсеңіз, көп мағына жатыр. Журналист екенмін деп, атақ қуып, абырой жинаудың қажеті жоқ. Осы қиын жолға түстің бе, жұмысыңа адал бол! Өз басым осы мұңды арқалау жолында көпті көрдім. Оған жасаған хабарларым дәлел. Елде мен түнемеген түрме, мен бармаған жетім балалар үйі жоқ дер едім. Ауыл әйелі қандай? Міне, осы сұрақтың жауабын іздеп, біраз іздендік. 90-шы жылдары май шамның сәулесімен хабар түсірдік. Ала дорба тасып кеткен әйелдер туралы жаздық. Мұның бәрі жүрекке салмақ түсірді. «Ала дорба» өлеңін жазған Серік Тұрғынбеков ағамыз хабарласып, алғыс айтқаны бар. Мәдина Ерәлиеваның бір хабарын жасау үшін үш күн жыладым. Негізі, біреу туралы хабар түсірсең, оның тағдырын жүрегіңнен өткізуің керек. Қарттар үйіндегі әкелердің көз жасын көрдік. Оны саған телефонмен айтып жеткізе алмаймын. 2000 жылдары қаракөздеріміздің мәселесін министрлік деңгейінде 4 рет көтердік. Қаншама министрдің есігін қақтым.Неге біздің балалар шетелге кетіп жатыр? Бұл мәселе жүрегімізді қарс айырды. Небәрі 45 теңге мемлекеттік төлем аударып, балаларымызды шетелге алып кетіп жатты. 45 теңге! Сенесіз бе? Осылайша, Жоғарғы сотқа бардым. Көп іздендім, осы бір қордаланып бара жатқан проблеманы тезірек шешуге асықтым. Сенатор Жандар Кәрібаевпен бірігіп, Парламентте мәселе қозғадық. Біздің бөбектерімізді бөліске түсіріп жатқан АҚШ-қа аяқ бастық. Бұл енді айта берсек, ұзақ әңгіме.
– Ләззат Мейрамханқызы, «Жанарынан үзілген балапан жас» хабарын көрмеген жан аз шығар. Талайды толғантқан хабардың желісі туралы кеңірек тоқталсаңыз. АҚШ сапары қалай аяқталды?
– «Жанарынан үзілген балапан жас» хабары да мұхиттың арғы жағындағыларға жетіпті. Бір қызықты айтайын, мені Америкаға біздің елден бала асырап алып жүрген «Фрэнк» агенттігінің басшысы Дженни есімді азамат шақырды. 25 күн бойы Американың штаттарын араладық. Операторым Еркін екеуміздің жол шығынымызды, ас-ауқатымызды сол компания өтеді. Мұндағы мақсаты – Америкадағы балалардың жағдайын көрсету. Дженни мырзаның: «Қазақтың баласындай дана, ақылды, сергек бала жоқ. Негізі сіздер баларыңызды жетімдер үйіне тапсырмауларыңыз қажет. Неге ата-аналар балаларын тастап кетті? Бұл жерде кінәлі өздеріңіз. Біз бұған дейін Африкадан асырап алатынбыз. Оларда не түрлі індет пайда болды. Сосын басқа елдерге көштік. Біз баланы ұрлап алмаймыз, асырап алуға келісеміз», – деп өзіме қарсы уәж айтты. Расымен де америкалықтар балалардың жағдайын жасап қойған. АҚШ-та 50 штат пен бірнеше қала бар десек, біз барған бір штатта 66 жетім бала ғана бар. Мұндай көресткішпен біздің бір ғана қаламыз «мақтана» алады ғой. Көрдіңіз бе мәселенің қайда жатқанын? Елге келіп, осы мәселені депутаттарға жолдадым. Соның арқасында қазір балаларды шетел «асыру» сейілген сияқты. Заңнама өзгеріп, біршама жоба жасалды.
– Шерағаң айтқандай, алпыс – тал түс. Бүгінге дейінгі жасаған жұмыстарыңыз халықтың көз алдында, алдағы мақсат қандай?
– Шүкір, қызметімнің арқасына елге танылдым. Сыйлы ортада құрметке бөлендім. Өзімнің «туған» телеарнам сыйға бөлеп, зейнетке шығарып салғаны кеше ғана сияқты. Жасыратыны жоқ, зейнетке шықсам да, бірнеше жерден жұмыс ұсынды. Қазір – жастардың уақыты. Біз жетпеген шыңды солар бағындыруы тиіс. Жөн сілтеп, жол көрсетуге әркез даярмыз. Бір нәрсе анық: осы уақытқа дейін жастықпен өмірдің бір кезеңдерін түсініп, енді бірін түсінбеген болармыз. Не түрлі кемшіліктерді өткердік, өзіміз қателестік. Пенденің басына келетін қиындықты бір адамдай көрдік. Жас кезіңде өзіңе есеп бере алмайсың. Қазір ойлана келе көп нәрсені ұққандаймын. Алдағы мақсат-міндеттерді сұрап отырсың ғой. Басты айтарым, қазір құбылаға бет бұрып, сәждеге бас қоюды ойлап жүрмін. Құдай берген төрт немерем бар. Айзере мен Айсана гимнастика спортынан үміт күттіреді. Үлкені Ерасыл спортқа жақын. Екі жасар Батырханым қолда. Менің міндетім – отбасымның тәрбиесімен айналысу. Осы уақытқа дейін журналист болдым, қалам ұстап, бірнеше кітап шығардым. Жазатын дүниемді, пікірмді әлеуметтік желі арқылы да жазуға болады. Таулар да мүжіледі, өзен-көлдер де тартылады. Адам ет пен сүйектен жаралғандықтан оның да мүмкіндігі шектеулі. Сарқыласың, төзімің таусылады. Сол себепті адам мүмкіндігіне қарау керек. Әсіресе, әйел адам мұны дұрыс түсінуі тиіс. Кезінде Тауман ағамыз қыздардан журналист шықпайтынын айтты ғой. Бұл да жөн сөз шығар. «Сырласу» хабарын жасап жүріп, көп нәрсені түсіндім. Әйелдердің үйде, ошақ қасында отырғанына не жетсін. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі комитетімен бірнеше хабар жасадық. Олардың тұрмыстық жағдайларын дұрыстауына себеп болдық. Темір торға тоғытылған қаншама әйелді үйіне қайтардық. Олардың отбасына оралуына көмегіміз тиді. Мұның барлығы, қазір ойласам, жүйкеге тиген екен. Бүгінгі уақытта әже ретінде, ана ретінде елдің, бала-шағамыздың амандығын тілеп отыруды мақсат тұтамын. Жаман індеттен тезірек құтылсақ, «Өмірдің өзі новелла» орыс, ағылшын және тағы басқа тілдерге аударылмақ. Қазір нақты ұсыныстар бар. Ал, биыл төртінші кітабым «Шындық пен шырғалаң» жарыққа шығады. Қазақ радиосынан он жылға жуық әуе толқынан берілген, тындарман ықыласына бөленген «Біз екеуміз» хабарының аудио нұсқасын шығару қазіргі жағдайға байланысты кейінге қалды.
– Соңыңыздан еріп, журналистика жолына түскен жас өскінге не кеңес бересіз? Қандай тілегіңіз бар?
– Журналист міндеті — алған білімі негізінде саудалы саясатқа сатылмай қоғамдағы, нақты тұрмыс пен халықтың хал-ахуалын боямасыз баяндап отыру. Сонымен бірге журналистің сөзіне ел сене алатындай қалыптасқан дербес бейнесі болғаны абзал. Сонда ғана сені халық құрметтейді, қызметіңді бағалайды. Мамандыққа адалдық танытуды бірінші орынға қойған журналист кез келген қиындықты бағындырады. Қазіргі жас тілшіге ізденіс жетіспейді. Біз газет-журналдарды құр жібермейтін едік, кітапханаға жиі бас сұғып тұратынбыз. Зерттейтін тақырыбымызға осылай дайындалатынбыз. Расын айту керек, тележурналистикада жүргендердің дені «жұлдыз» болып кеткен. Жастар тележурналистиканы танымал болудың жолы ретінде ғана қабылдайды. Мұндай түсінікпен алысқа бармайсың. Журналист қоғамды өзгертпейді, тек өзгертуге тиісті мәселені айта алады, қозғайды. Осыны ұмытпайық!
– Ләззат апай, тұщымды әңгімеңізге рахмет! Алпыс жасыңыз құтты болсын!
«Қостанай таңының» анықтамасы:
Ләззат Қапышева 1960 жылы 23 тамызда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
Торғай облысы, Амангелді аудандық «Тың шұғыласы» газетінде радиохабарларды ұйымдастырушы, республикалық телерадио мемлекеттік комитетінде әкімші, режиссердің көмекшісі, бағдарлама бөлімінің редакторы болды.
Қазақ теледидарының «Балалар мен жастар» редакциясында «Кел, балалар, оқылық!», «Ізбасар» бағдарламаларының жүргізушісі, қоғамдық-саяси редакциясында «Сырласу» авторлық бағдарламасының жүргізушісі, «Астана» студиясының редактор-комментаторы, «Отандастар», «Көзқарас», «Жаңарынан үзілген балапан жас» хабарларының авторы әрі жүргізушісі болып қызмет етті.
Қазақ радиосының «Қайырлы таң, Қазақ елі!» таңғы бағдарламалар жетекшісі, 2008-2010 жылдары Қазақ радиосы бас редакторының орынбасары болды.
«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Ләззат Қапышева сыртта жүрсе де Торғайым деп шырылдап, талай тұлғаларымызды жалпақ қазақ еліне танытқан елшілдігі зор. Жүректен сүзіп жүрекке жеткізетін əр мақаласы сазды да назды.
Нəзтпа Құлжанованың нағыз ізбасары ретінде танылған дарынды қаламгерге көңіл бөліп, ол жайлы тұщы мы мақала жазып, Торғай-Тобылғ жеткіншектеріне жеткізген редакцияға рахмет.
Маке сізге мың алғыс.Қостанай таңы газетіне менде ризашылық білдіремін.