Қай жағынан да қолдау бар
Өңіріміздегі кәсіпкерлердің өтініші бойынша шағын несиелеу бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Бұдан былай «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы аймағымыздың қалаларында микрокредиттер берілетін болды.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Олжас Сапарбеков аймақ әкімдігінде өткен жиын барысында осылай деді. Айтуынша, қазіргі таңда кәсіпкерлерден 25,2 млн теңге сомасын құрайтн 4 өтінім түскен. Тағы 50 млн теңгенің 17 өтінімі әзірленіп жатыр.
– Шағын және орта бизнесті қолдауға «Еңбек» бағдарламасының ықпалы зор. Биыл бұл мақсатқа 2,6 млрд теңге және шағын несиелеуді кепілдендіруге 84,3 млн теңге бөлінді. Тамыздың басына дейін 1,3 млрд теңгеден асатын 342 шағын несие берілсе, оның 328-і ауылды жерлерге тиесілі. Біздің облысымыз қаржыландыру бойынша республикада сегізінші орында және биыл несие алушылар 465 жұмыс орнын ашты, – деді О.Сапарбеков.
Жалпы, аймағымызда өткен жылы шағын және орта бизнес үлесін 27%-ке жеткізу жоспарланса, бұл меже 30,7%-ті құрап отыр. Алайда еліміздегі індет көптеген кәсіп саласының жұмысына айтарлықтай кедергі болғаны анық. Соған қарамай 51 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерінің алғашқы тоқсандағы өнім 25,4%-ке артып, 212 млрд теңгеден асып жығылды.
– Шағын және орта кәсіпті қолдау мақсатында бірқатар тұрақтандыру шаралары қолға алынды. Атап айтсақ, қаржылық тоқырауға тап болған бизнес субъектілеріне екінші деңгейлі банктер 15,9 млрд теңгенің 74 несиесін берді. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысушы 150 кәсіпорынның несие қарызын қайтару кейінге қалдырылды. Шығынға батқан кәсіпкерлер 8 млрд теңгенің салығынан босатылды, – деді басқарма басшысы.
Пандемия кезінде барлық ірі өндірістік өнеркәсіптер тоқтаусыз қызметін жалғастырып, жұмысшыларын қысқартпаған екен. Ал бұдан былай ел үкіметінің бағыттауы бойынша бірқатар шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысы бас санитарлық дәрігердің ұсынысымен барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жанданатын болады.