КӘСІПКЕ КӨҢІЛ БӨЛІНБЕК
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қала және аудан әкімдерімен селекторлық кеңес өткізіп, әлеуметтік-экономикалық дамудың 7 айдағы қорытындылары мен 2020 жылға арналған міндеттерді талқыға салды. Жиын барысында атаулы әлеуметтік көмек көрсету және кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Бұл жөнінде аймақ басшысы өзінің Инстаграм әлеуметтік желісінде жазды.
2020 жылы облыс қалалары мен аудандарының бюджеттерінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 2 019 млн теңге көзделген. 2020 жылдың басынан АӘК 1 111,5 млн теңге сомасына 4 363 отбасына тағайындалды.
Қаңтар айынан бері алғаш рет атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезеңінде 1 жастан 3 жасқа дейінгі және 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға кепілді әлеуметтік пакет көрсетіледі, балалар ай сайын азық – түлік жиынтығымен және тоқсан сайын гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілуде. Облыстың қалалары мен аудандарының бюджеттерінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен қамтамасыз етуге 302,6 млн теңге қарастырылған.
Жиында бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудың жеті айдағы қорытындысы шығарылды. Аймақта бизнесті дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 30,7% – ға дейін жеткізу мүмкін болды.
"Төтенше жағдай режимі мен карантин кезеңінде көптеген бизнес субъектілері өз қызметін шектеуге мәжбүр болды. Осыған байланысты, шағын және орта бизнес секторын қолдауға бағытталған бірқатар тұрақтандыру шаралары қабылданды. Сондай-ақ, жергілікті тауар өндірушілерді тұрақты дамыту мақсатында «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске асырылуда. Жалпы, бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері 43,2 млрд теңге сомасындағы 248 жоба қолға алынды," – деп хабарлайды облыс әкімі.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы сомасы 17,3 млрд теңге болатын 147 жоба мақұлданыпты.