АӘК: жаңа модель жүзеге асты
Биылдан бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделі жүзеге асты. Бұл бағытқа өңіріміздің аудан-қалаларына республикалық және жергілікті бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Жыл басынан бері 4363 отбасыға 1,1 млрд теңгеден астам жәрдемпұл тағайындалып отыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова аймақ әкімдігінде өткен жиында осылай деді.
– Атаулы әлеуметтік көмек алудың басты шарты – отбасының еңбекке жарамды мүшелерін жұмысқа тарту болып табылады. Бүгінгі таңда 581 адам жұмыспен қамтылды. Сovid-19індетінің таралуына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халыққа АӘК беруді екінші және үшінші тоқсандарға ұзарту туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар АӘК тағайындауға өтінім қабылдау Egov үкіметтік порталында жүргізіледі. Жәрдемақы төлеуді тағайындау «Е-Халық» жүйесімен жүзеге асырылады. Қиын жағдайға тап болғандарға уақтылы көмек көрсету мақсатында «Е-Халық» басқа да ақпараттық жүйелермен бірлесіп, азаматтардың өмір сүру деңгейіне баға беретін болады., – деді Г.Әбенова.
Аталған жүйе барлығы 5 деңгейден тұрады. Қазіргі уақытта аймағымызда аса кризистік жағдайда қалған отбасылар жоқ. Ал тұрмысы төмен азаматтарға баспана кезегі, емханаларға есепке тұру, балабақшаларға кезекке тұру қатарлы жәрдем көрсетілуде.
Қаңтардан бастап алғаш рет 1-3 және 3-6 жастағы балалары бар отбасыларға кепілденділірген әлеуметтік пакет ұсынылуда. АӘК тағайындау кезеңінде балалар ай сайын азық-түлікпен, тоқсан сайын гигиеналық заттармен қамтылады. Аудан-қалаларда бұл мақсатқа 302 млн-нан астам теңге қарастырылған.
– Бұдан бөлек, наурыз-мамыр айларындағы төтенше жағдайға және шілде айынан басталған шектеу шараларына байланысты республикалық бюджеттен 803,9 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектердің, мүгедек балалардың, мүгедек балаларды асыраушылардың, ресми жұмыссыздардың, АӘК алушы 6-18 жас аралығындағы балалардың азық-түлік, тұрмыстық қажеттіліктерін алуына бағытталып отыр, – деді басқарма басшысы.