Өндірісте өсім бар

apparatka

Өңірімізде жыл басынан бері 7 айда өнеркәсіп өндірісі 6,5%-ке, ауыл шаруашылығы 2%-ке, негізгі капиталға инвестиция 13,8%-ке, құрылыс жұмыстары 14,3%-ке, баспана тапсыру 8,4%-ке артқан. Өндірістік өнеркәсіптер 777,5 млрд теңгенің, соның ішінде қайта өңдеу саласы 449,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 18,9%-ті құрап отыр. Аймақ экономикасына 162,3 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 13,8%-ті құраған. Бұл туралы аймақ әкімдігінде өткен жиында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина баяндады.
– Жыл басынан бері машина өндірісі 1,5 есеге артты. «СарыарқаАвтоПром» компаниясы 19,5 мың дана техника шығарды. Өсім 1,7 есеге жетті. Биыл 50 мың көлік шығару жоспарда болса, оның 14 мыңы экспортталмақ. Ал жоспардағы 800 автобустың 561-і құрастырылды, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, өңірде ет (3,3%), сүт (1,5%) өндіру артқан. Ал ұн (9%) және өсімдік майын (2 есе) экспорттау қарқыны жоғары.
Құрылыс саласында да өсім байқалады – 59,5 млрд теңгенің жұмысы атқарылып, 14,3%-ке артып отыр. 208,1 мың шаршы метр баспана тапсырылыпты.
Көрсеткіштері жоғары өңірлер қатарында Қостанай қаласы, Денисов, Қарабалық, Меңдіқара, Науырзым, Ұзынкөл және Федоров аудандары бар.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓