ЖЕТІ АЙДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берді. Есеп барысында коронавирустық инфекциямен күрес және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
7 айдың қорытындысы бойынша облыста негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі байқалады. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 106,5%, ауыл шаруашылығы 102,0%, негізгі капиталға инвестициялар 113,8%, құрылыс жұмыстары 114,3%, тұрғын үйді пайдалануға беру 108,4% өскен.
Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 6,5%-ды құрады. Кәсіпорындар 18,9% өсімді қамтамасыз етті. Жыл басынан бері машина жасау өндірісі 1,5 есеге ұлғайды. Өңдеудегі үлесі шамамен 42,1%-ды құрайды.
Мәселен, "СарыарқаАвтоПром" компаниясы қысқа мерзімде 19,5 мыңнан астам техника өндіріп, өндірістік өсімді 1,7 есеге ұлғайта алған. 2020 жылға арналған жоспарда 50 мыңға дейін автомобиль шығару көзделген, оның 14 мыңы экспортқа жіберілетін болады. Жыл басынан бері 3 564 автокөлік экспортталды. Автобустарға келетін болсақ, оларды 2020 жылдың соңына дейін 800-ге жеткізу көзделген. Қазіргі уақытта осы  жоспардың 70,1% орындалғанын айта кеткен жөн.
Архимед Мұхамбетов облыста іске асырылып жатқан басқа да инвестициялық жобалар туралы айтып берді.
Жаңартылатын энергия көздері саласында Қостанай ауданында "Жел Электрик" ЖШС қуаты 50 МВт жел электр станциясының құрылысын жүргізуде. Ал Арқалық қаласында АӨК бағытында екі жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы, "Торғай ет" ЖШС  2,5 мың ірі қараға шақталған өндіріс ошағы тұрғызылады. "GrainMark" серіктестігі элеватор мен құрама жем зауытын іске қосуды жоспарлап отыр.
"Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша да ауқымды жұмыс қолға алынған.
– Биыл "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында 18,8 млрд теңгеге 37 жобаны іске асыру жоспарланған. Аймақ бойынша 499 шақырым жол жөнделеді. Жобаның  20-сын қысқа дейін  аяқтау жоспарланған", – деді облыс әкімі.
Тұтастай алғанда, көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға 70,0 млрд теңге жұмсалуы тиіс. Оған облыстың 775 км автожолын қалпына келтіру жоспарлануда. Ал аудан,  қала көшелерін жөндеу мен қайта жаңартуға  24,0 млрд теңге қарастырылған.
117317550_885105301898626_6494293894561099797_n
Облыс әкімі 4,4 млрд теңге жұмсалып, қайта құрылып жатқан Қостанайдағы көпір жұмысына да тоқталды.
– Бұл нысанның  әлеуметтік маңызы зор. Көктемгі су тасқыны кезінде Тобыл өзенінің маңындағы үйлердің дені су астында қалады. Көпір арнасын кеңейту арқылы біз қаланы табиғи апаттан сақтап қаламыз. Сонымен қатар, көпірдің жүру жолақтары да кеңейтіліп, көлік қозғалысы жеңілдейтін болады, – деді Архимед Мұхамбетов.
"Жұмыспен қамту жол картасы" шеңберінде 2020 жылы 53,7 млрд теңгеге 284 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуы тиіс. Атап айтқанда, 74 әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 16,6 млрд теңге, 45  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілеріне 13,5 млрд теңге, 149 инженерлік-көлік инфрақұрылым жобаларына 19,3 млрд теңге,  елді мекендерді абаттандыру бағытындағы 16 жобаға 4,4 млрд теңге жұмсалуы тиіс.
– Айтулы жобаларды жүзеге асыру арқылы 14 340 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етуге болады. Жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша 7 170 жұмыссыз азамат іске тартылады. Жұмыстар аяқталғаннан кейін 614 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда, – деді Архимед Мұхамбетов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы депутаттарға облыс аумағында жоспарланған инвестициялық жобалар, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, ТКШ, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау және білім беру жүйелерін дамыту туралы айтып берді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓