Тәркіленіп, өртелді
Рудный қаласының полицейлері "ССКӨБ" кәсіпорнында 395 кг астам кептірілген марихуана мен 14 кг астам гашишті жойды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл соңғы үш жылдағы ең ірі есірткі партиясы.
Рудный полиция басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын осы жылдың 28 шілдесінде Бегежан ауылының 49 жастағы тұрғынынан тәркіледі. Ер адам есірткіні Рудный қаласының №2 автогараж қоғамының аумағында жалға алынған гаражда сақтаған. Күдіктіден полицейлер 21 қап марихуана мен 2 пакет гашиш тәркіледі. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі "есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Баптың санкциясы мүлікті тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Қылмыстық істі тергеу барысында сараптама тағайындалды, тергеу әрекеттері жүргізілуде. Ақша түрінде есірткі партиясы 30 миллион теңгеге дейін бағаланады.
Рудный қалалық ІІБ бастығының орынбасары, полковник Ербол Кәкенов атап өткендей, есірткі заттары қылмысқа қатысты үкім шығарылғанға дейін жойылды, өйткені бұл көлем заңмен көзделген, сақтауға жататын аса ірі мөлшерден де асып түседі.
Полиция марихуана мен гашиш есірткі заттарын жою туралы қаулы негізінде өртелгенін атап өтті.