Індетті жеңу – өз қолымызда

Бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус індетінің қазір беті қайтқандай. Әсіресе, енгізілген шектеу шаралары еліміз бойынша эпидемиологиялық ахуалдың аз да болса тұрақталуына оң әсер етіп келеді. Дегенмен, біздің өңірде де провизорлық орталықтар жабылып, карантин шаралары біртіндеп жеңілдетіліп жатқанмен, дертке шалдыққандар саны күн сайын тіркелуде. Сондықтан, арқаны кеңге салып, босаңсуға да әлі ерте. Ал, вирустан түбегейлі құтылудың бір жолы – ол оқшаулану. Тіпті, ежелгі медицина мамандарының өзі пандемия кезінде үйде отыру қажет екенін айтып, насихаттап кеткен. Алайда, қазіргі жағдайда халық мұның маңызын әлі түсінбей жатыр.  Қазірдің өзінде көшеде бейсуат жүрген адам көп, кейбіреулер маскасыз жүр. Тіпті, той, беташар, туған күн жасап, сақтық шараларына немқұрайлылық танытып жатқандар да жоқ емес. Шынтуайтында, қазір той тойлайтын уақыт емес, азаматтар осыны түсінсе екен. Әсіресе, тойға баратын азаматтар емес, сол тойды жасайтын той иелері ойлануы керек сияқты. Өзінің ғана емес, сол тойға келетін жұрттың өміріне қауіп төндіретінін түсінуі қажет. Ал, халық карантин тәртібін қатаң ұстап, үйінде отырса, науқастар саны да бір мезгілде көбеймес еді. Карантин жеңілдетілгенмен, вирустың әлі де күшінде тұрғанын ұмытпайық. Қауіпті пандемияның таралуына жол бермей үйде отырудың маңызы зор екенін медицина мамандары да күн сайын айтуда. Бірнеше ай бойы жатпай-тұрмай халыққа дәрігерлік қызмет көрсетіп келе жатқан ақ желеңді абзал жандарға да тек осындай жолмен ғана көмектесе аламыз. Қазіргідей қиын шақта бір-бірімізге қол ұшын  созып, демеу болайық, ағайын. Ол үшін сақтыққа салғырт қарамай, жақындарымызға жанашыр болайық. Егер адамға жақындары, туған-туыстары мен айналасындағы адамдар қымбат болса, індетке қатысты жағдайда жауапкершілікті сезінуі керек. Бар болғаны – жауапкершілікті сезіну. Өз басым бұл індеттің қаншалықты қауіпті екенін түсінемін, сол үшін де жақындарым үшін уайымдаймын. Олардың дертке шалдыққанын қаламаймын. Әр адам жақындарына қатысты осылай уайымдаса – тәртіпке бағынады деп ойлаймын. Әрі өз денсаулығымызға аса мұқияттылықпен қарап, тәртіпке бағыну арқылы ғана бұл індеттен аман шығамыз. Ең бастысы, шыдамдылық танытайық, сонда ғана өзіміздің де, өзгенің де өмірін сақтап қаламыз. Алла жазса, аты өшкір індетті түбегейлі жеңіп, бұрынғы мамыражай күнімізге оралатын күн де туар. Сондықтан, сын сағатта бірлікте болып, кеселдің әлі де өршуіне жол бермейік!
гул
Гүлбану АБДУЛИНА,
Әнші, ҚР Еңбек сіңірген  қайраткері

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓