Мұражай жаңарды

Қостанай облысы аумағында қола дәуірінің ескерткіштері осыдан жиырма жылдан астам уақыттан бері қазылып, зерттеліп жатқан Лисаков төңірегіндегі ежелгі мекен де көне заманнан көп мәлімет береді. Зерттеу жұ-мыстары жүргізілгеннен бері 2 мың шаршы метрден астам қо-ныстар мен тұрақтар ашылыпты. Осы кезге дейін Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы Эмма Усманованың жетекшілігімен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 300-ден астам ежел-гі қорымдар мен тас қорғандар, бес қоныс аршылды, мұнда 40 ескерткіш белгілі болды.

Андрон мәдениетінің өзі тарих ғылымына 1911 жылы енгізілгені белгілі. Содан бергі жүз жыл бойы тарихшы-археологтарды адамзат қоғамындағы өркениет ошағының негізін салған ежелгі бабаларымыз әлі де жұмбағын түгел ашпай қызықтырып келеді. Тарихшылардың айтуынша, Еділ-Жайық аймағында, Оңтүстік Сібір, Еуразия орталығында Арий тайпалары қалыптасқан. Осы тайпалар туралы мол дерек қалдырған ең көне зороастризм дінінің "Авеста" кітабында арийлердің мекені туралы да айтылады. Арийлердің жері "Ариан Вайджа" – "арийлер даласы" деп аталды. Ол қазіргі Еділден бастап, Әмудария, Сырдария, Каспий теңізі, Арал теңізі және Памир-Алтай мен Тянь-Шань тауларына дейін созылды. Әрине, бұл аумақтың құрамына Қостанай-Торғай даласы да кіреді.
Лисаков қорымында ежелгі тайпалардың мәдениетінен хабар беретін жүзден аса жерлеу қорған белгілі болса, олардың барлығының өзіндік ерекшеліктері бар. Қабірлердің ішінен ағаш, мата, киіз қалдықтары табылған. Олардың арасында археологияда сирек кездесетін антроморфтық (адам бейнесі) үл-гідегі идолды ерекше атауға болады. "Көсем қорғанын" қазған кезде оның басқа қабірлерден айырмашылығы бірден байқалған, қорғанның сәулеттік жағынан салынуы адам ойының жетілгенінен хабар береді.

Андрон мәдениеті, арийлер туралы тарих ғылымында аз жазылмағанынан хабардармыз. Арийлер туралы айтқанда бізде жаңалық ашайық деген ой жоқ. Мақсат тәуелсіздігімізге ие боп, тарихымызды жаңа көзқараспен екшеп жатқан тұста археологияның айғағы да, айтары да, ғылыми маңызы да ерекше екенін еске салу.
Лисаков қалалық "Жоғарғы Тобыл тарихы және мәдениеті" мұражайының аға ғылыми қызметкері Шынар Ермағамбетованың айтуынша, мұнда жоғары сынып оқушылары жиі келеді екен. Мұражай қызметкерлерінің мақсаты оқушыларды тарихтан хабардар ету. Ай сайын қаладағы мектептердің оқушыларын жинап, қазақ, неміс, славян ұлтының өкілдерінің ұлттық қолөнері-нен құралған көрмені көрсетіп, тарихы жайында арнайы сабақтар жүргізіп тұрады. Сонымен қатар, сынып оқушылары әртүрлі топқа бөлініп, кесте, кілем тоқу, жіп иіру, саздан құмыра және басқа да қолөнерлер түрлерін жасайды.

Жалпы мұражайдың бір бөлмесі толықтай қазақ халқының мәдениеті мен этнографиясы, салт-дәстүріне арналып жабдықталған. Мұражай қабырғасында кейбір күндері тарих және археология пәндеріне арналып, ол жалпы теориялық сабақтан басталады. Екінші сабақ тағамдарға байланысты болса, үшіншісі қазақ халқының ойындарын насихаттауға арналған.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ
Лисаков қаласы.
Лисаков қалалық "Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті" мұражайынан көріністер.