Өсім бар
Коронавирус пандемиясына қарамастан, «ССКӨБ» АҚ өндіріс көлемін арттырып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында айтылды.
ҚР 2020 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралған жиын барысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 7 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3%-ға өскенін атап өтті.
Оң динамика 12 өңірде сақталуда. Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, тау-кен өндіру секторында түсті кендерді өндіру «Комаровское тау-кен кәсіпорнының» есебінен 2,5% өсті. Темір кенін өндіру өткізу нарықтарын дәстүрлі елдерден қайта бағдарлауға байланысты, сондай-ақ «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінде» (+1%), «Өркен» ЖШС (+16%) және «BapyMining» ЖШС (+14%) кәсіпорындарында кен өндіру көлемінің артуы есебінен 0,9%-ға өсті.
Айта кетейік, рудныйлық кен алыбы биыл Ресей, Қытай мен еліміздегі тұтынушыларына 7,8 млн тонна тауарлық темір кені концентраты мен 5,4 млн тонна шекемтасты жеткізуді жоспарлап отыр.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ