Өнім көлемі артты
Тамыз айында Рудныйлық цемент зауыты жоспарланған өндірістік қуаттылығына сай 35 мың тонна өнім өндірмек.
Кәсіпорын 400Д0, 500Д0 және минералды қоспалары бар сульфатқа төзімді 400Д20 сияқты сұранысы жоғары цементтің үш түрлі маркасын шығаруда. Олардың сапасы бәсекеге қабілетті болу үшін техникалық бақылау бөлімінің қызметкерлері өндіріс процесінде 38 рет сынама алады. Сонымен қатар, Bocedi Pallet атты италяндық автоматты қаптау желісі цементті зор сұранысқа ие 10 және 25 келілік қаптарға қаптай алады. Қазіргі таңда өнім Қостанай облысындағы жергілікті тұтынушыларға, сондай-ақ Ақтөбе және Батыс Қазақстан өңіріне жеткізілуде.
Жақында Рудный цементінің алғашқы партиясы жіберілген өзбек елінің тұтынушылық қызығушылығының арқасында серіктестер қатары едәуір кеңейді. Ресейлік құрылыс компаниялары да сапалы, әрі қолжетімге өнімге тапсырысын күн санап арттырып келеді.
Қазір зауытта 188 адам жұмыс істейді, бірақ технологиялық кадрларға деген сұраныс әлі де бар. Компания өз қаражаты есебінен қызметкерлерді оқытып қана қоймай, жұмыс орнында дакәсіби дағдыларды үйретуді қолға алған.
Жақын болашақта кәсіпорын жобалық қуатына сәйкес жылына 500 мың тонна цемент шығаруды жоспарлап отыр.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ