Медқызмет жаңа форматта
Қазақстанда медициналық қызмет көрсетудің кейбір түрлері қашықтық форматқа көшуі мүмкін. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау Министрі Алексей Цойдың «Цифрлық технологиялар арқылы қашықтықтан медициналық қызмет көрсету тәртібін бекіту туралы» бұйрығының жобасы «Ашық НҚА» сайтында жарияланды. Құжатты онлайн талқылау 12-26 тамыз аралығында жүргізілмек.
Жаңашылдықтың негізгі міндеті – пациенттің шағымдарын және анамнез деректерін алдын алу, жинау және талдау, емдеу-диагностикалық және оңалту іс-шараларының тиімділігін бағалау, халықтың денсаулық жағдайын медициналық бақылау.
«Қашықтықтан медициналық көмек көрсету оның келесі түрлері үшін қолданылады: жедел медициналық көмек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, паллиативтік медициналық көмек» – делінген заң жобасында.
Қызметтер кез келген жағдайда: амбулаториялық, стационарлық, стационарды алмастыратын жағдайларда, үйде, медициналық ұйымнан тыс, санаторий-курорттық ұйымдарда көрсетілуі мүмкін.
Медициналық көмек көрсету шарттары пациенттің нақты орналасқан жері бойынша айқындалады.
Құжатта нақты уақыт режимінде қашықтықтан медициналық көмек көрсету кезінде консилиумды онлайн өткізу де ұсынылып отыр.
Жедел түрдегі консультациялар сұрау салу келіп түскен сәттен бастап 30 минуттан 2 сағатқа дейінгі мерзімде, ал шұғыл консультация консультациялық медициналық ұйымға сұрау салу келіп түскен сәттен бастап 3 сағаттан 24 сағатқа дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.
Көрсетілген қашықтықтан медициналық қызметтер үшін шығындарды өтеу уәкілетті орган бекіткен денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ