Сұраныс саябырлаған жоқ
Коронавирус пандемиясына байланысты карантиндік шектеулерге қарамастан, Қазақстандағы автокөлік иелері мемлекеттік қызметтерді алуда белсенділік танытып жатыр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми статистикасына сәйкес, осы жылдың 7 айында Қазақстанның арнайы орталықтарында 400 мыңнан астам жүргізуші куәлігі беріліп, ескісі жаңасына ауыстырылған, сондай-ақ көлік тіркеуге қатысты 1,3 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Ал Қостанай облысында 41 545 адам мамандандырылған ХҚКО-на жүгінген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, автокөлік жүргізушілері қызметтерді тек арнайы орталықтарда ғана емес, сонымен қатар арнайы салаларда да тіркейді.
«Үстіміздегі жылдың 7 айында 145 мыңнан астам қазақстандық жүргізуші куәлігін электрондық үкімет порталы арқылы ауыстырды, ал 90 мыңға жуық адам автокөліктерін онлайн режимінде тіркеді», – деді ол.
Мемлекеттік корпорацияның Қостанай филиалында айтылғандай, пандемия, екі айға жуық уақытқа созылған төтенше жағдай және халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесінің қысқаруы көрсетілетін қызметтердің санына айтарлықтай әсер еткен жоқ.
«Осы жылдың 7 айында қостанайлықтар 41 545 қызмет алды (салыстырмалы түрде айтқанда, өткен жылы 60 397 қызмет көрсетілген). Биыл автомобильдерді қайта тіркеу қызметтерінің саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 18 мыңға аз, ал берілген және ауыстырылған жүргізуші куәліктерінің саны 2019 жылғы көрсеткішке ұқсас. Естеріңізге сала кетейін, бүгінде бұл мемлекеттік қызметтерді тек Қостанай қаласындағы мамандандырылған мемлекеттік қызмет департаментінен алуға болады. Сондай-ақ, Тобыл, Рудный, Арқалық, Жітіқара, Лисаков қалаларында, Әулиекөл, Қарабалық, Федоров және Ұзынкөл аудандарында арнайы секторлар ашылды», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» МҚ» ҰК» АҚ Қостанай облысы бойынша филиалының PR-менеджері Ярослава Богатырева.