Ата ғұрпын ардақтаған (БЕЙНЕ)
Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат мұғалімдері тәрбие сағатына "Қостанай таңы" газетінің материалдарын пайдалануды қолға алды.
Ата басылымның әр нөміріне жалғасып жарияланып жатқан "Ата тәрбиесі" ғибратнамасы газеттің көзі қарақты оқырмандарына етене таныла түскендей. Қария мен жігіттің диалогы негізінде өрбитін өнегелі өсиеттерді ықыласпен оқып, тағатсыз тосатын қауым бар екен. Өйткені, бұл көлемді еңбек – тақырыпшаларға бөлінген, қысқа да нұсқа, тілі жеңіл, мазмұны салмақты дүние.
– Негізі, бұл мән-мағынасы терең туындының авторы – көп жылдар оқу ордаларында еңбек еткен тараздық ұстаз Марқабай Керімбекұлы. Ол кісі бұл еңбегіне қазақ ұлтының таным-түсінігін, салт-санасын арқау етіп, ғибрат-өнегесін жиып-теріп берген. Кім білген, автордың өзі бұл дүниенің біздің газет арқылы өз оқырмандарын тауып, мектеп бағдарламасында қолданылып жатқанын естісе, қуанып та қалар ма еді. Жалпы, оқушыларды тәрбиелеуде мұғалімдердің көмекшісіне айналуымыздың өзі бір ғанибет, – дейді мектеп-интернаттың шарасына арнайы барған "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков.
Мұны аталмыш оқу ошағының тәрбие сағаттарына пайдалануында сондықтан да зор мән бар.
– Сабақ жоспары бойынша, оқушылардың газет-журнал оқуына арнайы уақыт бөлінген. Оның сыртында, тәрбие сағаты барысында да сүйікті газетіміздегі осынау мазмұнды материалдарды қолданамыз, – дейді интернат меңгерушісі Бақытгүл Байдәулетова. – Әр бала – дара тұлға. Сондықтан, оларға білім мен тәрбиені қатар беру борышымыз. Бала тәрбиесінде ұлттық тәлім-тәрбиенің, ырым-тыйымдардың алар орны айрықша. Бұл тұрғыдан келгенде, "Қостанай таңы" газеті біздің қызметке рухани қолдаушы болып отыр.
Меңгерушінің айтуынша, тағылымды туынды тәрбие сабақтарында ғана емес, көрініс, қойылым арқылы да ұтымды пайдаланылып келеді. Бүгін өткен сыныптан тыс іс-шара соның жарқын мысалы болды. 6-сынып оқушылары "Ата тәрбиесі" айдарының мазмұнына сүйене отырып, шағын қойылым даярлапты. Оқушылардың бірі ақылгөй қарттың рөлін сомдап, қалғандары ізетті, зерделі жастарды кейіптеді. Олар дайындыққа небәрі бір күн жұмсапты. Қойылым шаңыраққа мейман болып түскен қария мен жастар арасындағы диалог ретінде өрбіді. Алаңша ұлттық нақышта безендірілген, барлық оқушы қазақы киінген. Олардың өнерін тамашалаушылар тәнті болысты.
– Біз "Ата тәрбиесі" шығармасымен жақсы таныспыз. Оның сыртында, осы қойылымдағы өз рөліме дайындалу арқылы көп тағылымды нәрсені үйреніп қалдым. Яғни, қазақтың кейбір ырым-тыйым сөздерін, салт-дәстүрлерін есіме сақтап алдым, – деп ойын жасырмады қарияны сомдаушы Мейіржан Сайран. – Шамалы ауырып тұрсам да, өз рөлімді ойнауға тырыстым. Өйткені бұл мен үшін қызық.
-Мен де осындай көріністерге қатысқанды ұнатамын. Себебі, оның бізге үйретері өте көп. Құр оқығаннан гөрі, өзің сол шығармадағы адамның кейіпкері болсаң, сезіну арқылы жақсы нәрселерді жаттап аласың, – дейді тағы бір оқушы Айзат Ибжарова.
– Егер апайларым айтса, мұндай көріністерге тағы да қатысар едім, – дейді бала көңілін жасыра алмаған шынашақтай Жанарбек Бекайдаров. Өзге де оқушылар өз пікірлерін кезектесе айта жөнелді. Әне, қызығушылықтың оянғаны!
Ұйымдастырушылар – Күләнда Дощанова, Ақмарал Серікбаева және Бақытгүл Байдәулетова дәл осындай шараны аптаның әр бейсенбісі сайын өзге сыныптар арасында да өткізуді жоспарлап қойғандарын айтты.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков