Жар. Ана. Ұстаз

Нәзік жанның бәріне бұйыра бермейтін "әйел бақыты" деген қасиетті ұғым Әмина апайға да бұйырыпты. Осы бір жүрегі кең, мейірімді ана барды қанағат тұтып, отағасы Рашитпен бірге үш қыздан бес немере сүйіп, ғибратты өмір сүруде. Тұңғыш қыздары Әлия Қостанайда халықтық қызмет көрсету орталығында менеджер, Мәдинасы Алматыда сауда саласында, Ғалия Рудныйда қауіпсіздік орталығында оператор. Адам үлкейген сайын аңсағаны көбейіп, асығатыны азаяды екен. Бұл тұрғыда ұстаздың өз пікірі бар.
– Менің өмірімдегі отбасылық шарттарымның бірі шүкіршілік, қанағатшылдық пен шынайылық. Адамгершілік қасиеттер ізгілік пен сабыр иманнан бастау алар десем, сол қасиеттің топталып көрі-нетін жері ол – парасаттылық. Шәкірттерімді өз балаларымнан кем көрмедім. Қазіргі білім жаңарған тұста олар күн сайын "америка" ашуға бейім. Тоқырау дәуірінде өзіміз көп сөйлесек, қазір тек бағыт берушіміз. Жас кезімдегіден қазір арманым көп. Шәкіртім белесті бағындырса, әлі де пайдалы істер тындырсам деймін. Алла тағала денсаулық берсе, жас мамандарға үйретерім де көп – дейді ол ағынан жарыла.
Иә, жүрегіне иман ұялаған өнегелі өмір иесінің өмірнамасы ұжымға да үлгі.
Суретте: ұлағатты ұстаз Әмина Шынтемірова.