АӘК: 2 мың құжат қабылданды
Қостанай облысында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың құжаттарын қабылдау әлі де жүріп жатыр. Қостанай қаласының өзінде бүгінге дейін 1 200-дей отбасы тіркелген. "Қаңтар айында күн сайын 200 адамға дейін қабылдап, 35-75 өтініш тіркеп отырдық. Бірақ соншалықты үлкен кезек болған жоқ. Өйткені азаматтарды алфавит тәртібімен 7 маман қабылдады. Қазір келушілердің қатары сиреді", – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары.
АӘК-тің заңда белгіленген жалпыға бірдей талап-шарттары бар: біріншіден, АӘК алатын отбасындағы еңбекке жарамды адам міндетті түрде жұмысқа орналасуы тиіс. Екіншіден, отбасының жан басына шаққандағы жалпы кірісі 19 727 теңгеден аспауы керек. Яғни , 4 баласы бар отбасының жалпы кірісі 118 мың 362 теңгеден аспауы шарт.Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Максим Устиновтың айтуынша, бүгінге дейін Қостанай облысы бойынша 2 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсырған.
Нұрқанат Құлабаев