Жарқын жобалармен танысты
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов цифрландыру бағдарламасы аясында ашылған А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дағы аймақтық SMART-орталығында болып, орталықтың жұмыс барысымен танысты. Ғимараттың бірінші қабатында университет түлектерінің стенді мен орталықта болып жатқан іс шаралар туралы ақпарат беретін интерактивті тақта орнатылған. Сондай-ақ, студенттік стартаптар мен ғылыми идеяларды іске асыруды жетілдіру мақсатында құрылған ынтымақтастық орталығы (Co-working), IT-skills (робототехника, 3D-модельдеу), Cyber-club және Agro-skills кеңселері ашылған. Бұл бастамалар дарынды жастардың жан-жақты дамуы үшін ауадай қажет.
– Біздің орталық 2018 жылы облыс әкімі Архимед Бегежанұлының қолдау көрсетуімен құрылып, былтыр өз жұмысын бастады. Бұл көпсалалы мультифункционалды алаңда зерттеуден бастап, енгізуге дейінгі мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, «Lab Network» зертханалық кешенінде 3 зертхана: физикалық-химиялық, агрохимиялық, биотехнологиялық лабаротория бар. Мұнда біздің студенттер ойлап тапқан идеяларын ұстаз арнайы сарапшылардың көмегімен жүзеге асырады. Сонымен қатар, ІТ-технология , агро және өндіріс салаларынан білім алып, өздерінің жобасын іске асырып бүгінде «Экосервис-2030» ЖШС компаниясы құрылды, – дейді аймақтық орталығының жетекшісі Алмабек Нұғыманов.
Сондай-ақ, орталықта бизнесті ашуға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат беріліп, әр студент өзінің бағыты бойынша жобаларын қорғап, жүзеге асыруға мүмкіндік көп.
Орталықтың тыныс-тіршілігімен танысқан аймақ басшысы мекеме ұжымына нақты тапсырмалар жүктеді. Ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев