«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»
Облысымызда білім жарысы басталды. Өңірдегі барлық мектептердің тоғызыншы және он мен он бірінші сынып оқушылары жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысу үстінде.
-Жылда, қаңтардың 9-да республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтеді. Осы олимпиадаға аудандық кезеңнен өткен білімпаз оқушылар қатысады. Ал, енді осы кезеңде жүлдегер атанған оқушы балалар Атырау қаласында өтетін республикалық олимпиадаға қатысып, облыс намысын қорғайды. Жылдан жылға пән олимпиадасына қатысатын оқушыларымыздың саны артып келеді. Қазір білім заманы. Сондықтан да олардың ізденушілікке, зерттеушілікке, білімділікке ұмтылуы, қызығушылығы орасан зор. Және де республика көлемінде жеңіс тұғырына ие болған оқушылар мемлекеттік білім грантына ие болады. Бұл дегеніңіз үлкен ынталандыру сыйлығы, түбі терең тұңғиық білімге бір қадам, -деді бізге Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты казақ және орыс филологиясы факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, пән олимпиадасының төрайымы Кенжегүл Есіркепова.
Пән олимпиадасы екі күнге созылады. Облыс бойынша республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңіне жалпы өңірімізден бес жүз он тоғыз оқушы қатысып отыр. Білім жарысы жалпы білім беретін он бес пәннен қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-матиматикалық бағыт бойынша Қостанай қаласындағы №№1,2 орта мектептерінде өтуде. Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздарға өңіріміздегі жоғары оқу орындары да өздерінің білім гранттарын тапсыратын болады.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретте: пән олимпиадасынан көрініс
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ