Әлеуметтік төлем алғандар не дейді?
Елімізде коронавирус індеті өршіп, төтенше жағдай жарияланған уақытта Үкімет табысынан айрылған және декреттік демалыста отырған аналарған ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеге тең әлеуметтік төлем беру туралы шешім қабылдаған болатын. Бүгінгі таңда облыс аумағында 259 мың адамға ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалған. Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, «42 500 теңге» төлем облыс бойынша 71 мыңнан астам адамға тағайындалыпты. Осы орайда өңірімізде табысынан айырылып, аталған қаржыны алған тұрғындар пікірімен бөлісті.
–Анар ЖОМАРТҚЫЗЫ, Қостанай қаласының тұрғыны:
–Карантин болғанға дейін бір ғимаратты жалға алып тігін ісімен айналысқан едім. Бірақ коронавирус індеті таралуына байланысты жұмысым тоқтап қалды. Табыс көзінен айрылғаннан кейін мемлекет тарапынан беріліп жатқан 42500 теңгеге өтінім бердім. Бірнеше күннен кейін менің есепшотыма түсті. Ол қаражатты азық-түлікке, тағы басқа керек-жарағымызға жараттық.
–Гүлнұр ЕДРЕСОВА, Жанкелдин ауданының тұрғыны:
–Мен екі баланың анасымын. Декреттік демалысқа шыққанға дейін мейірбике болып жұмыс істедім. Кейін балалы болып, декретке шықтым. Қазір кішкентай ұлым бір жастан асты. Негізі жұмысқа шықсам ба деп жоспарлаған болатынмын. Алайда, елдегі төтенше жағдайға байланысты жоспарым іске аспай қалды. Кейін әлеуметтік төлем туралы естіп, өтініш беретін жолын іздестірдім. Алғашында egov сайты мен телеграм бот дұрыс жұмыс істемеді. Алайда, үкімет телеграм-ботты әр аймақтың тұрғындарына бөлек ашқаннан кейін бұл жұмысты тездетті. Осылайша, өтініш бердім, бір аптаның ішінде есепшотыма 42 500 теңге түсті. Қиын кезеңдерде азаматтарының жағдайын ойлап, қаржылай жәрдем беріп отырған үкіметке алғыс айтқым келеді.
– Наурыз ӘБДІРАХМАНОВ, Қостанай қаласының тұрғыны:
–Карантинге дейін мен мейрамханада күзетші болып жұмыс істедім. Облыс аумағында карантин жарияланғаннан кейін жұмыссыз қалдым. Табысынан айрылғандарға жәрдемақы берілетінін естіген бойда, арнайы сайт арқылы менде өтініш бердім. Бір аптаның ішінде есепшотыма ақша түсті. Қиын-қыстау кезеңде бұл – айтарлықтай көмек болды. Қаржылық қолдау көрсеткен үкіметке алғысымды білдіремін.