Отты жылдардың куәсі

Ұлы Отан соғысының ардагері Дмитрий Брусниктің өмір жолын соқпақсыз өтті деп айта алмаймыз. Әкеден жастай айырылып, балалық шағын ауыртпалықпен өткізген бозбала 1942 жылы небары 17 жасында майданға аттанды. Златоуст әскери-пулемет училищесінде миномет және пулемет курсын меңгерген жас курсант Орталық майданның 326-шы атқыштар дивизиясының 1097-ші атқыштар полкі құрамында жауға қарсы тойтарыс берді. Сухиничи, Малоярославец, Калуга қалаларын азат етуге атсалысты. Осыдан тура 76 жыл бұрын – 1944 жылдың қараша айының қара суығында Беларусь жеріндегі ұрыстардың бірінде ауыр жараланған Дмитрий Яковлевич госпитальден бір-ақ шыққан екен.
IMG-20191105-WA0042
Миномет батареясы командирі, капитан Брусник бір жыл бойы емделіп жатып, туған ауылы – Сарыкөл ауданының Аннов елді мекеніне оралыпты. Мерейлі 95 жасқа толған қарт майдангер 19 медаль мен 6 орденнің, соның ішінде Курск шайқасында көрсеткен батылдығына берілген «Ерлігі үшін», сондай-ақ Отан қорғау жолында көрсеткен ерлігіне ІІ дәрежелі Даңқ ордендерін иеленген. Запастағы полковник.
IMG-20191105-WA0045
Облыстық ардагерлер кеңесі кеңсесінде Дмитрий Брусниктің мерейтойына орай кездесу өтіп, қарт жауынгердің өмірі, ұрыс даласында жүріп өткен мен бейбіт күндегі қызметі, сіңірген ұшан-теңіз еңбегі жөнінде жүрекжарды лебіздер айтылды. Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің құттықтау хаты мен естелік сыйлығы табыс етілді.
Соғыстан кейін Дмитрий Брусник еңбек жолын өзінің туған ауылы Анновта ауылдық кеңес төрағасы қызметінен бастады. Сол кездегі Урицкий (қазіргі Сарыкөл) аудандық атқару комитетінің хатшысы, кейін осы ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымын атқарды. Қостанай облыстық кәсіподақ кеңесінде төрағалық етті. «ҚР Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің филиалын басқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттығына екі мәрте сайланған. Қостанай қаласының құрметті азаматы. Алыс-жақын шетелдерге танымал «Сосновый бор» шипажайы құрылысының бастамашысы болған да – Дмитрий Брусник. Және тың игеру заманында шаңдатып жатқан далаға қайың, қарағай-самырсын егуді қолға алған аудан хатшысы.
IMG-20191105-WA0048
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин майдангердің өткен күндеріне шолу жасап, оның кейінгі ұрпаққа нағыз үлгі екенін атап айтты:
– Дмитрий Яковлевич өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан үлес қосты. Зейнеткерлікке шықса да, қарап отырмай, ардагерлер ұйымын құрудың басында тұрды. Осыдан отыз жыл бұрын қазіргі ардагерлер кеңесін құруға мұрындық болған әрі осы ұйымның алғашқы төрағасы қызметін атқарған жан. Қазіргі біз отырған осы ардагерлер кеңесінің ғимаратын алу – Дмитрий Брусниктің арқасы. Сондай-ақ, бүгінгі мерейтой иесі майдандастарын түгендеуге орасан еңбек сіңіріп келеді. Айта кету керек, бұл кісі «Олар жеңіспен оралды» атауымен жарық көріп жатқан көптомдықтың бастамашысы. Содан бері 17 томы басылып шықты, қазіргі күні осы топтаманың «Қайта оралған есімдер» деп аталатын 18-ші томы әзірленіп жатыр. Сол себепті, ардагеріміздің ісі, еңбегі келер ұрпаққа зор өнеге болады әрі оны келешек буын абыроймен жалғастырып алып жүреді деген сенімдемін, – деді Кенжебек Үкіұлы.
Кездесу барысында Сарыкөл ауданының әкімдігі, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі, облыстық кәсіподақ орталығы аумақтық кәсіподақ бірлестігі, замандастары, бұрынғы қызметтестері, ізбасарлары тілектерін білдірді.
IMG-20191105-WA0049
IMG-20191105-WA0050
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓