Bizbirgemiz. Кәсіпкерлердің көмегі
«Біз біргеміз» акциясына қостанайлық кәсіпкерлер белсенді үлес қосып жатыр. Таяуда демеуші азаматтардың көмегімен аудандарға кезекті оттегі концентраторлары жеткізілді.
Бұл жолы көмек қолын созған – Асылболат Мырзағалиев, Ғабит Мұқанов, Уәлихан Қабыкен есімді азаматтар. Олар Жангелдин ауданы ауруханасына – 3, Әулиекөл мен Науырзым аудандарының ауруханаларына бір-бірден оттегі концентраторларын тарту етті.
«Өздеріңіз естіп жатқан шығарсыздар, бір топ жанашырлардың көмегімен Түркиядан Қазақстанға мың шақты оттегі концентраторы жеткізілген еді. Оған бүкіл ел үлес қосты. Біз де «Айдың нұры» қорына ақша аударған едік. Құрылғылар қолымызға тиісімен туған жерімізге жөнелттік. Облыс орталығынан шалғай жатқандықтан, Торғайға үшеуі жіберілді. Мұндай кезде жұмылып көмек көрсете алмасақ, азаматтығымызға сын», – дейді жерлесіміз Асылболат Мырзағалиев.
Кәсіпкерлер тағы бір игі шаруаға бастамашы болып отыр. Елден шыққан іскер азаматтармен бірлесіп, Жангелдин ауданына қарасты Шилі ауылына намазхана салып бермек.