ЖАЗБА АЙТЫС: Аслан мен Әсет
Қостанай облыстық Ішкі саясат басқармасы мен облыстық "Қостанай таңы" газетінің ұйымдастыруымен дана Абайдың 175 жылдығы қарсаңында өткізіліп жатқан "Мен бір жұмбақ адаммын…" республикалық жазба айтысының келесі жұбын жариялаймыз. Бүгін назарларыңызға Қостанай қаласының тәжірибелі ақыны Аслан Қанғожин мен жобаның ең жас қатысушысы, 11-сынып оқушысы Қамысты ауданының дарынды ұланы Әсет Ақылжанның өлең сайысын ұсынамыз.
ӘСЕТ:
Күн өтіп, уақыт жылжып, жайнайды ақ таң,
Тура сөзді болайық, таймай жақтан.
Қалың елім, қазағым, амансың ба?
Жерұйығын жайлаған жайлы аймақтан.
Жазғанын көреміз деп Жаратқанның,
Жазба айтысын жаңғыртып бәйгі ойнатқан.
Вирус келді дегенде қыңқ етпеп ед,
Үйге қамап қойғанда "ойбай" қаққан.
Қолдарын жіпсіз байлап қойғанменен,
Мәселенің түбіне ой бойлатқан.
Сыйластық есігіне құлып салмай,
Көршісіне ет асып, шәй қайнатқан.
Көршісі былай тұрсын есік ашқан,
Келсе де сан мың қонақ қай-қай жақтан.
Карантинде жатса да, концерт беріп,
Димашың Еуропада айғайлатқан.
Тойшылдығын көретін дәстүріндей,
Қысылтаяң кезінде қой байлатқан.
Ежелгі мінезінен айнымайтын,
Тұрақты тектілігің майдай жаққан.
Тамырында қаны бар көкбөрінің,
Жанарында жауының қайғы ойнатқан.
Жерге қарап отса да бүкіл әлем,
Көкке қарап ұлуын қоймай жатқан.
Өзіне айна көріп тау барысын,
Түлкі-өмірдің жеңе алған алданысын.
Он екі ұлдың сұлтаны, Ер төстігі,
Мұсылманға қайтармақ ар намысын.
Қасиетті Рамазан мүбәрәк боп,
Қазағым қондырса екен қолға құсын.
Бірақ бір мәселе бар шешілмеген,
Исламға ел доғарған жоқ таңданысын.
Оразадан қашатын адамдар бар,
Сылтау қылып түздегі жалған ісін.
Зейнеткер болған кезде ұстармын деп,
Өрттей лаулап, күйдірген арман ішін.
Қазірде қол байлаған шаруа жоқ,
Кез емес балға салар бармақ ұшын.
Енді үйдегі ісіміз "сауап" болсын,
Уақыттың саралап бар мәнісін.
Келе жатқан жолыңнан кері кетпе,
Қылса да өгіз бенен арба қысым.
Дұғамды естімейді деп ойлама,
Жүрегіңнің тыңдап тұр әр қағысын.
Жиғанды емес ойласаң ақыретті,
Иманның арттырады Алла күшін.
Кең дүниеде қам жасап үлгерейік,
Тар қапаста қан жұтып қалмау үшін.
Қауышып қазыналы байтақ елмен,
Құшағыңа ұланың айқара енген.
Ассалаумалейкум, ақиығым,
Алла деген кеудеде шайтан өлген.
Мергендей нысанадан мүлт кетпеген,
Береннің біреуісің қайқы әуелден.
Былтырғы алған жүлдең құтты болсын,
Өзіңе лебізімді айта келгем.
Биыл да аламаннан шетте қалмай,
Көріне бастады ғой қайта көмбең.
Бірінші айналымнан аман өтіп,
Еліңе тарту еттің бай кәдеңнен.
Әнеттей құрдасыңды шаңға көмдің,
Өлеңің өрелі боп сойқан өрген.
Осалдығың көрінсе оза алмассың,
Қазақтай асау елге тайпа көрген.
Сенімін серік қылған еліңді ойлап,
Шайырым шабытыңды шайқа желмен.
Екінші айналымда әріптестің,
Бір әріпін өзгертіп қайта келген.
Тап-таза көрсетпейді кіршік айна,
Тереңнен батар болсақ тылсым ойға.
Мойыныңда бір газеттің абыройы бар,
Сен едің жауап берер тіл шырайға.
Байтұрсынов бастаған тілші қауым,
Жалғанды жарға жықпай тыншымайды, ә?!
Тіл маманы азайды тік мінезді,
Өр екпінді адамға мұң шыдай ма?!
Ақиқатты аңдитын адамдар бар,
Аслан соған қарсы қылсын айла.
Шың басынан шыңғырған дауыстары,
Шымбайыңа батса да шыншыл ойла.
"Қашықтықты" "ғашықтық" деп жүргендер,
Ұйқылы намысыңды шымшымай ма?
Елбасы Абай сөзін арқау етсе,
Авторы сол екен деп жүрсің айда.
Тіл жарасы асқынған күннен-күнге,
Қателікке болған соң сыншы майда.
Бетсіздің бетін тіліп, қалам тербеп,
Мақала жазсаң біреу құн сұрай ма?
Қаламының сиясы таусылса да,
Шындығын қанмен жазған тілші қайда?
АСЛАН:
Жүрек, қайрат үндессе ақылыммен,
Жақсыларға болғаны жақын іргем.
Жайсаң жұртым, ассалаумағалейкүм,
Бір ұлыңмын нәр жиған нақылыңмен.
Ораза құтты болсын, мұсылмандар,
Ауызына алдымен Хақ ілінген.
Бүгінгі Хақтан тілер басты тілек –
Күллі жұрт күңіреніп, аһ ұрумен,
Табылса екен вирусты тоқтатар жол,
Жоғалса екен әлемнен аты мүлдем.
Армысың, айналайын Әсет інім,
Мақтансын елің сендей ақын ұлмен.
Аздаған албырттығың аңғарылад,
Түзейін бағытыңды ақырын мен.
Іні болсаң ізетті ал, көрейік,
Құлағына сырға емес, ақыл ілген.
Жақсы адам жаныңа гүл еккізеді,
Жақсы сөз жүректен нұр төккізеді.
Түсіндік мұсылмандық тілегіңді
Деп түйдік айтылатын ретті жері.
"Алланың өзі де рас, сөзі де рас"
Хақ жолы – бар мүминнің бет түзері.
Барлығы бір Жаратқан қолында еді,
Кім қанша, қандай ғұмыр өткізеді.
Бастысы – елге адал қызмет ету,
Арамға Құдай азап шеккізеді.
Кім елге адал болса – шын мұсылман,
Ал оған Алла мейірімі шексіз еді.
Қарсылас, қалқаныңды қамдап тұрсың,
Іргеден соққан желдей саулап тұрсың.
"Қан" сөзін жиі тілге тиек еттің,
Енді ағаң өз сөзіңді қармақ қылсын.
"Тар қапаста қан жұтып қалмағай" деп,
Мұсылманға жырыңды арнап тұрсың.
"Шындығын қанмен жазған" депсің тағы,
Мұныңа айта аламын талдап бір сын.
Қасіретті тарихты айтушы едік,
Мағынасын ініміз аңдап білсін.
Апыр-ай, көзіне қан елестей ме?
Миына мейірімнен шарбақ құрсын.
Ахаң менен Жахаңдар жазып кеткен,
Қанды шындық санаңда сарнап тұрсын.
Солардың төккен қаны аз болып па?
Түсінсең соны, қарғам, ардақты ұлсың.
Лайым бейбіт күнді бағалай біл,
Құдайым қан төгуден аулақ қылсын.
Әсетжан, қадамыңды, ал, аңдайын,
Ағалық ескертпем бар саған дайын.
Сөз деген сүйей салар нәрсе емес,
Кірпіштей қалау керек оны әрдайым.
"Өзіне айна көріп тау барысын", –
Дегенің секілді жай "әләулайың".
"Қылса да өгіз бенен арба қысым", –
Бұл сөздің мәнін қалай бағамдайын?
"Тап-таза көрсетпейді кіршік айна", –
Мұның да олақ тіккен жамаудайын.
Теліппін Абай сөзін Елбасыға,
Осының ұғындыршы маған жайын.
"Қателікке болған соң тілші майда", –
Деп тағы бүлініпті, бала-ау, райың.
"Аслан, шыншыл ойла, айла қыл" деп,
Ақылды жаудырыпсың ағамдайын.
Тілшілер бет тілуші емес, қалқам,
Хабаршы, жаршы екенін хабарлайын.
Бетіңді дұрыс жаққа бұрып көрдім,
Жұламын, жыртам десең, жағам дайын.
ӘСЕТ:
Көңіліңде тудырды қай іс қайғы,
Бетке айтады, нағыз ер майыспайды.
"Түзейін бағытыңды" деп отырсың,
Тізгінің бұл ағамыз жәй ұстайды.
Бізді емес, өзіңді өзгерт алдыменен,
Сонда ешкім сенімен сайыспайды.
Себебі, кіші үлкенге қарап өсер,
Бой түзеп, сол арқылы ой ұштайды.
Алдыңғы дөңгелекке байланысты,
Артқысы өзге жолға ойыспайды.
Қаланған іргетасы берік болса,
Қабырғасы дауылға қайыспайды.
Ақынның тоқтап еді жағы қай күн,
Кезі жоқ тас шайнап, шоқ қарымайтын.
"Мен не деймін, домбырам не деп отыр?"
Тірлігіңнің бірі екен шағым айту.
Арбаң сынып барады, өгіз өліп,
Бақ пен бабың "Қостанай таңына" айқын.
Тау барысы өзіңе айна болсын,
Салқын күннің суығы дарымайтын.
Мәселесінің жеткейсің байыбына,
Сөздерің шашырамай тарыдай тым.
Көшеде Абай сөзі ілініп тұр,
Сарыны беп-белгілі, жалыны айқын.
Иесі елбасы деп жазыпты оның,
Адамдар Ұлы Абайды танымайтын.
Ініңнің мінін теріп отырғанша,
Тілсіз жауға соққы бер тағы жойқын.
Ел ішінің хабарын білмей жүрген,
Бұл қай жаршы, хабаршы налымайтын?
Қаламың бар, бірақ та талабың жоқ,
Орманшыдай отынға жарымайтын.
Сынына ұшарасам Алекенің,
Ұшыраспай ағаммен сақ өтемін.
"Қан" сөзін тілге тиек етпе" дейді,
Үш сөздің қате көріп тағы екеуін.
Қадалғаннан қан алар халық едік,
Жырымды ел дертіне дәрі етемін.
"Распенен таласпа мүмін болсаң"
Ұғынарсың шындықтың бақ екенін.
Бар ойым ұмытпасын дегенім ғой,
"Елім-айдың" қайғылы ән екенін.
Көгі ашық ұрпағымыз көк байрақтың,
Артында қызыл түсі бар екенін.
Елім дейтін ерлерім майданда өлсін,
Ерлерін ұмытпаған айбарлы ел шын.
Сөзімнің астарынан мін іздесең,
Қалайша көңіліміз бейқам болсын.
"Қателікке болған соң тілші майда",
Дегеннен-ақ табаның тайған дерсің.
Ау, ағасы, "тілші" емес, "сыншы" деп ем,
Сол жағына назарын ойдан бөлсін.
"Асығыстық шайтанның ісі емес пе?"
Тура жолдан таймаған жайдарлы ерсің.
Төл өнерде төл сөзді бұрмаласаң,
Қасыңа жайғаспайды жайдан көршің.
Соқыр десем, тиеді Құнанбайға,
Ағамыз ақындыққа сай нәр берсін.
Көршісінің сөздерін көрмей жатып,
Көшедегі жазуды қайдан көрсін.
Сынып кетпей шыдаса сынаққа адам,
Жаратқан жеткізеді жұмаққа аман.
Кешегі өткен заманды мысал қылып,
Бүгінгі күн жайында жыр ақтарам.
Адамзаттың алыбы Ұлы Абайым,
Адамдықтың жалауын құлатпаған.
Көзіңнен өткеніңді өткізейін,
Сөзіме түріп отса құлақ қоғам?!
Интернатта оқыған қазақ едік,
Интернет білімімді бұғаттаған.
Ғашық жанның жарасы бітпеуші еді,
"Ғашықтықтың" дертін ел ұнатпаған.
Осындай білімдіден шыққан сөздер,
Талаптыдан жасайды кіл "ақтабан".
"Адасқанның алды-жөн, арты-соқпақ",
Анықталмай өтсе егер бір ақ, қараң.
"Іші өлген, сырты сау" ел болдық па?!
Кіршіксіз ақиқатты кім ақтаған?
Заманым зарын төгіп, мұң шаққанда,
Жанарым жасқа толып жылап та алам.
Тағдырдың тауқыметін тартқан елдің,
Өз қолы өз ауызына тұрақтаған.
Жер мен көктей болғанмен дәрежесі,
Төр мен көрдің арасы бір-ақ қадам.
АСЛАН:
Жақсы жырың жұртыңды тұшындырсын,
Жарқыным-ау, сен қайда "ұшып" жүрсің?
Айға ұмтылып қайтесің, айналайын,
Әсет бала шамалап күшін білсін.
Қаралық қылғаным жоқ қарсыласқа,
Ағалық ақылымды ұсындым шын.
Шамырқанып, шатаққа бара бердің,
Шала сөзді деп едім түсіндірсін.
Өреміздің өрісі алшақ екен,
Әңгіменің ар жағын ішің білсін.
Сорпа бермес адамнан сүбе сұрап,
Сенің де, әй, Аслан, ісің құрсын.
Бар өнердің биігі тіл деседі,
Тіл десем, санамда мұң мың көшеді.
Көшедегі қатені айтып жатсың,
Тілді білсе, сондайды ілмес еді.
Қайда, қашан екенін дәл жазбасаң,
Сияқты базардағы жұрт өсегі.
Қайсыбірін айтайық қателердің,
Секілді бір айықпас тіл кеселі.
Мәселені сан рет көтергенбіз,
Мақаланың басылды бірнешеуі.
"Көрген көзде жазық жоқ" айдары бар,
Сайтымызды оқып тұр күнде, сері.
"Қателікке болған соң сыншы майда",
Мұның да сөз дей алман бір көшелі.
Майдалап тастағаның қызық болды-ау,
Сыншылық ірілікпен үндес еді.
Бәйгеде түсер деп ем сені жайнап,
Қайткенің керғұлаңды керіге айдап?
Біз деген көк түркінің ұрпағымыз,
Әсеттің шығар бәлкім тегі байрақ.
"Артында қызыл түсі бар" деп қапсың,
Отырмысың КСРО елін ойлап.
Сол кезде қазақ қаны көп төгілді,
Бүгінгі бейбіт күнде көңіл айбат.
"Елім-ай" ел есінде жүрсін" депсің,
Тұрғаны қисыныңның келіп-ай нақ.
Ел босқан күнді аңсайтын сияқтысың,
"Ерлерім майданда өлсін" деуің айғақ.
"Менің елім" деп қана ән шырқайық,
Зарланудан сақтасын "елім-айлап".
Мың өліп, мың тірілген бұл қазағым,
Санаңда сабақ шығар ілкі азабың.
Алдымен ақылды ұлт қалыптаспай,
Түспейді уысыңа шын қалауың.
Арыңның тазалығы аса қажет,
Жұқтырма жаһандану кір-тозаңын.
Төртінші өнеркәсіп төңкерісі,
Ендеше ғылымға бет бұр, қазағым.
Көрпедей төселуің басқаларға,
Көзге ұрып тұрған енді бұл таза мін.
Осының бәрін Абай жазып кеткен
Ұлы сөз танытады ұлт ажарын,
Ақыл, Ғылым, Ар, Мінез Абай айтқан,
Төртеуін тең ұстаған жұрт озарын.
ӘСЕТ:
Ақын қалай түседі жырсыз дауға,
Көбелектей қызық көп мұңсыз жанға.
Мін түзелмей ешқашан сын түзелмес,
Бұл жалғанда пендеден мінсіз бар ма.
"Біздер үйде жатырмыз оқшауланып,
Көшені көрмедік" деп тұрсыздар ма?
Бұл сізге "базардағы өсек" емес,
Тілімді саудаға сап құнсызданба!
"Улы сия, ащы тіл" болғандықтан,
Төзуі де керек-ақ тілші ызғарға.
"Сыншылық ірілікпен үндес" болса,
Тіпті ұсақ қателікке үнсіз қалма.
Көз жүгіртіп өткеннің жылдарына,
Қанық болсам деп едім сырларына.
Әр адам өз әлінше түсінеді,
Түсінейін қателік қылғанына.
Азаттық қызыл қанмен келді деп ем,
Жол болсын Кеңесіңе бұрғаныңа.
Қаһарман қазағымның батырлары,
Үміттің дәнін сепкен мұң бағына.
Тар жол, тайғақ кешумен күндері өтіп,
Сол Кеңестің байланған шырмауына.
Кер заманның кезінде мехнат тартып,
Боздақтарым айналған құрбанына.
Сол бір күндер барады естен шығып,
Қосуым да сол себеп жырға мына.
Шүкірлікті ұмытқан жандар қанша,
Қазақи түсіп еді кім бабына?
Тесілген кеме суға батпай қоймас,
Күпірлік қылар болса кім барына.
"Алла деген сөз жеңіл" күнде айтайық,
Жол берме иманыңның құрғауына.
Бүгінгі келеңсіздік себеп болды,
Бітіп кеткен жараңды тырнауыма.
Сондықтан да, ағасы, табалама,
Ұмытпаудың кіріскен ұл қамына.
Шынайы қос нәрсеге қуанамын,
Елімді жетелеген шыңдарына,
Біріншісі – қазақ боп туғаныма,
Екіншісі – азат боп туғаныма.
Қыранға жорғалаған ұнамайды,
Жылан қанат бітуін сұрамайды.
"Қиыннан қиыстырып, патша өлеңді"
Еш уақыт іздемеген дүр оңайды.
Медина, Мекке, Бағдат бармап еді,
Шәкәрім Ибраһимнан сұрап ойды.
Мұтылған ұмыт болмай содан бері,
Өмірге алып келген жыр-ән әйгі.
Әуезов бала кезден Абайды оқып,
Күлімдеп өтпеп пе еді күні арайлы.
Сол Мұхтар ғылым іздеп ғалым болған,
Ілім-білім толтырған тұла бойды.
Қасиетін жұқтырып алады екен,
Жан-тәнімен оқыса кім Абайды.
Ұлы Абайдың өткендер мектебінен,
Білімнің биігінен құламайды.
Жомарт жан қолда барын аяна ма,
Шынайы сұлу жандар бояна ма?
Уақыт өз дегенін қылады екен,
Өнерге талас-тартыс таяған, ә.
Ағасы, артық кетсем айып етпе,
Сөздеріме жүрмегін қаяу ала.
"Сорпа бермес" сараң деп сөге көрме,
Жұтқыншақтан жұтқаным баяғы ауа.
Жағаңды жырту үшін келгенім жоқ,
Қисыны жоқ келмесін ой ағама.
Өзің де, газетің де дами берсін,
Жақсы сөздің мекенін сай арала.
Сізге деген ақ, адал жүрегіміз,
Бізге деген құшағын жая ала ма?
Аламан деп қамшылап жатқаным ғой,
Әйтпесе жүгірмеймін таяқ ала.
Біріктірсе білім мен білек күшін,
Берік ұстар ақыл мен күрек тісін.
Өнердің аспанында қалықтадым,
Кеудемнен қанатты жыр-түлеп құсым.
Сау болыңдар, сауапқа батқан елім,
Көргенге үлгі-өнеге жүректі ісің.
Абайдың басты арманы – иманды ұрпақ,
Иман ғана қайтарар түнек күшін.
Одан асқан жоқ еді бақытты адам.
Бойындағы жеңе алса кім ептісін.
Ақыреттің тұсында ақтап шығар,
Ақ парақтай ұстасақ жүрек тұсын.
АСЛАН:
Сөздеріңді түзетіп, талдағаным –
Мығым болсын дегенім әр қадамың.
Шикілеу шумағыңды шенегенім –
Қаталарға ол үнсіз қалмағаным.
Әуелі өзімізден бастау керек
Нақылы айтқан осы бар дананың.
Сапасын, абыройын арттыр тілдің,
Қатасын айта бермей жарнаманың.
Абай аты әлемге танылғанмен,
Жұмбағының шештік пе бәрін дәлмен?
Дастандары – даналық ғибратты,
Хатқа түскен шығыстық сарындармен.
«Осы жұр Ескендірді біле ме екен?»
Жауыз патша бояған арын қанмен.
Даналықтың алдында еш қауқарсыз,
Ескендірге күллі жұрт бағынғанмен.
Ал «Әзім әңгімесі» бітпей қалған,
Ол да бір оқиға еді тәлімді өрген.
«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап»,
Бірыңғай бал ұсынбас өмір-дәурен.
Әзімдей жас жігіттің ғұмырынан,
Осындай тағылымды тәлім көргем.
Масғұт та адал жанның біреуі еді,
Ақыл, дәулет, ынсаптың бәрін берген.
Даналықтың белгісі сол емес пе,
Өзінің бойындағы жоғын көрген.
Алайда, ол да көппен адасады,
Есерліктің дауасы табылғанмен.
Мұндағы мағынаның бір түйіні,
Күресіп бақ таппайсың тобырлармен.
Біріншіде айтып ең рас әрнеңді,
Елестеттің одан соң асау керді.
Үшіншіде «аға» деп жақындапсың,
Өлеңің өрнекті оймен әсемделді.
Алғашқы қарсыласым Әнет еді,
Құрдастың үні шықпай бәсеңдеді.
Әнеттің әуенінен қарағанда,
Әсеттің айтқандары әсер берді.
Жармастың жыр-тұлпардың қыл жалына,
Жұрт айтқан жақын болсын үн жаныңа.
Оқуға Қостанайға түсем деп ең,
Қанықпын осындай бір сырларыңа.
Арманың орындалсын ойыңа алған,
Сүйсінсін мұндағы ел жырларыңа.
Елді аузына қаратқан ақын атан,
Құдайым қуат беріп тіл-жағыңа.