Меценаттан – аппарат
Кеше Ұзынкөл ауданында «Біз Біргеміз» акциясы аясында «Тойсай» ЖШС директорының орынбасары Ахмет Садықов Ұзынкөл аудандық ауруханасының провизорлық бөліміне құны 15 млн теңге тұратын жасанды тыныс алу аппаратын сыйға тартты. Медициналық жабдықтарды тапсыру Ұзынкөл ауданының әкімі Талғатбек Дайыровтың қатысуымен өтті. Аудан әкімі аудан тұрғындарының атынан жергілікті кәсіпкерге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, пандемия Қазақстанға жеткен күннен бастап, Ұзынкөл аудандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері, кәсіпкерлер және жергілікті тұрғындар пневмония мен коронавирусты емдеуге қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға белсенділік танытты. Қолдан келгенше көмектерін аямады.
– Бұл құрылғыда арнайы батарея бар. Сондықтан оны тасымалдау да оңай. Ол әртүрлі желдету режимдері бар. Аппарат заманауи технологиялармен жабдықталған. Қазіргі уақытта бұл медицинаға арналған аппараттар – пневмонияға шалдыққан науқастарды емдеуде таптырмайтын құрал саналады, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Әміржан Бақытжанов.
Сонымен қатар, «Обаған ауылы» шаруа қожалығының басшысы Болат Қарабаев пен «Иржанов А.» шаруа қожалығының басшысы Ахметхан Иржанов аудандық ауруханаға жалпы сомасы 3 млн теңге тұратын гематологиялық анализатор сатып алып берді.