Татулыққа дәнекер болғандар
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының гастрольдік сапары қаламгер Әскерхан Ақтайұлының "Ботақара-Шешенбике" тарихи драмасының тұсаукесерімен сәтті басталды. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов facebook әлеуметтік желісінде осындай сүйінші хабарымен бөлісіп отыр. Айта кетейік, өңіріміздің өнер ұжымы ол жақтағы қазақтар шоғырланған Қобда бетіне театр режиссері Әлия Баймаханның қойылымын сахналады.
«Қойылымды Моңғолиядағы көрермендер зор ризашылықпен қабылдап, басты рөлдерді сомдаған Аслан Кенжетай мен Мөлдір Асылқызы "Мәдениет саласының үздігі" құрметті төсбелгімен марапатталды. Театрдың 20-шы мерейтойлық маусымы қарсаңында ұйымдастырылған гастрольдік сапар әлі жалғасуда», – деді Е.Қалмақов.
Бұл гастрольдің негізгі мақсаты – театр өнері мен халық өмірін танып-білу арқылы өзара түсіністік пен мәдениетті өзара байыта отырып, екі мемлекет арасындағы мәдени байланысты нығайту.
Жаугершілік заман, талауға түскен адам. Көшпелі екі елдің арасындағы соғыстың негізгі себебі – жер! Ал кескілескен майданды ақылмен тоқтатып, татулықты жақтаған – қалмақ аруы Шешенбике мен қазақ батыры Ботақара. Дұшпандар арасындағы достық пен мәрттік – драманың негізгі өзегі. Бұл, бір жағы, қазақ пен жоңғар өмір бойы қиян-кескі соғысып келген деген түсініктен арылу. Керісінше, екі елдің арасында мәмілегерлік, достық қатынастың да сақталғандығын кейінгі ұрпаққа дәріптеу.
Театр әртістері де Бай-Өлкеден алған әсерімен бөлісуде.
«Бізді шекарадан қандастарымыз шашу шашып, әнмен-күймен, жырмен қарсы алды. Аяқ-қолымызды жерге тигізбей, аймақ ортиалығына алып келді. Шетелде қазақтардың былайша тойын жасап, ас беріп, емін-еркін өмір сүріп отырғанына марқайып қалдық. Ағайындарымыздың жергілікті ұлтпен тату отыруына тарихымыздағы Ботақара, Шешенбике секілді тұлғаларымыздың дәнекер болуы себеп болғанына көзіміз жетті. Ал спектакль премьерасына Қазақстандағы, Ресейдегі, Моңғолиядағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өкілдері, мемлекеттік лауазымдағы азаматтар келіп жатыр. Ал біз қойылымды сахналаған М.Құрманханұлы атындағы музыкалық драма театр өз алдына бір үлкен мектеп. Алыстағы ағайынның тірлігіне өте разы болып бара жатырмыз», – деді театр актері Бақытжан Таңатқанұлы.
"Ботақара-Шешенбикеден" бөлек, өнер ұжымы Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» спектаклін көрерменге ұсынды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ