Кезекші топтар режимінде жалғасады
Мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы кезекші топтардың жұмыс істеу режимінде жаңғыртылатын болады. Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте алдағы 2020-2021 оқу жылына дайындық жөнінде баяндаған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов осылай деді. Эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде – әлеуметтік қашықтықты және қатаң санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, толық топтарды ашу көзделіп отыр.
Облыстың мектепке дейінгі ұйымдарының желісіне 186 балабақша кіреді, оның 64-і жеке меншік. Тәрбиеленушілердің жалпы контингенті – 22,7 мың бала, оның 6,5 мыңы жеке балабақшаларда. Бұдан басқа, өңір аумағында 9 мыңнан астам баланы қамтитын 399 шағын орталық жұмыс істейді.
– Эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыста жалпы контингенті 39 мыңға жуық тәрбиеленушісі бар 45 қосымша білім беру ұйымда жұмыс санитарлық нормалар сақтала отырып, қашықтық форматта және штаттық режимде жеке тәртіппен немесе шағын топтарда ұйымдастырылатын болады. Арнайы ұйымдарға келер болсақ, санитарлық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, 506 тәрбиеленуші контингенті бар 2 мектеп-интернат (ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Рудный арнайы мектеп-интернаты және Лисаков арнайы мектеп-интернаты) жаңа оқу жылын штаттық режимде бастайтынын атап өтемін. 259 оқушы оқитын 4 арнайы әлеуметтік мектеп (Қостанай қ. – 2, Арқалық қ. – 1, Рудный қ. – 1) қашықтан жұмыс істейтін болады, педагогтар әр баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып сабақтар дайындайды. Әзірге қашықтан оқыту – оқу жылын бастау үшін ғана шешім, алдағы уақытта санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарған жағдайда білім беру ұйымдарының біртіндеп штаттық форматқа көшуі жүзеге асырылатын болады, – деді аймақ басшысы.