Компьютер жаңартуға – 2,4 млрд
Қашықтан оқыту режимін баланың немесе мұғалімнің үйінде компьютерсіз ұйымдастыру мүмкін емес. Осы мақсатта жазғы кезеңде 1,4 млрд теңгеге 6 мың компьютер сатып алынды, бұл облыстың білім беру ұйымдарының компьютерлік паркін 50% жаңартуға мүмкіндік берді. Ал Білім және ғылым министрлігі үкіметтік резервтен жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге 15,2 мыңнан астам компьютерлік техника бірлігін (1584 компьютер, 11586 ноутбук, 2052 планшет) сатып алуға қосымша қаражат бөлуді жоспарлап отыр.
Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте алдағы 2020-2021 оқу жылына дайындық жөнінде баяндаған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов осылай деді.
– Осы ресурстар педагогтер мен оқушылардың компьютерлік техникаға қажеттілігін өтеуге жеткілікті. Осыған байланысты мұғалімдер мен оқушыларға, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарының балаларына білім беру ұйымдарынан қайтарылмалы негізде компьютерлерді беру бойынша жұмыс жүргізілді. Қазіргі таңда 11012 оқушы мен 176 педагогке барлығы 11188 компьютерлік техника бірлігі берілді. Атап өту керек, мектеп жасындағы бірнеше балалары бар отбасылар бар, оған қоса ата-анасы қашықтан жұмыс істейді, ал қолданыста тек бір компьютер. Осы сияқты проблемаларды оқу жылының басталуына дейін мектеп әкімшілігіне хабарлау қажет. Осы мәселе жеке шешілетін болады. Бұл үшін облыста ресурстар бар, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін әртүрлі қаржыландыру көздері (жергілікті бюджет, тартылған қаражаттар, облыстық кәсіподақ қаражаты) есебінен мобильді интернет модемдері сатып алынуда. Облыстың барлық 490 мектебі оқу жылының басына дейін жоғары жылдамдықты интернетке (4 Мбит/с-тен) қосылатын болады, осы мақсаттарға 2020 жылы 163,5 млн теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 482 мектеп немесе 98,4% ғаламторға қосылған.
– Қашықтан оқытудың тәртібін түсіндіру үшін оқу жылы басталғанға дейін балаларға арналған бірыңғай сынып сағаттары («Үйде қалай оқу керек», «Кибермәдениет» және т.б.), сондай-ақ бірыңғай ата-ана дәрістері өткізіледі. Осы шаралардың өту мерзімдері қосымша хабарланатын болады, – деді А.Мұхамбетов.
Аймақ әкімі Білім күні 1-қыркүйекте онлайн режимде өтетінін хабарлады. Қашықтық форматқа қарамастан, әрбір оқушы тегін оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Үстіміздегі жылы оқу материалдарын сатып алуға шамамен 1,2 млрд теңге бағытталған. Облыс мектептеріне оқулықтарды жеткізу алдағы 20 тамызға дейін аяқталатын болады.