Күре жол – кіріс көзі
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Таран және Жітіқара аудандарына ат басын бұрды. Мұнда Қарабұтақ-Комсомол-Денисов-Рудный-Қостанай аралығындағы тас жолының 458 шақырымындағы жөндеу жұмыстары мен көлік айрығының құрылысы қарқын алды. Жалпы жоба құны – 1,3 млрд теңге.
«ҚазАвтоЖол» АҚ облыстағы бас өкілі Андрей Горваттың айтуынша, жаңа көпір жол үстіндегі қауіпсіздікті күшейтпек. Тобыл стансасындағы темір жол үстінен өтетін көпір әуелде тым доғал-тын. Көктайғақта көліктер жоғары көтеріле алмай, апатты жағдайлар да тіркелген. Енді ондай қиындықтар болмайды дейді құрылысшылар.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мердігерлерге, мүмкін болса, ертерек тапсыруды ескертті. Себебі, уақытша ашылған өтпе жол жүк көліктерінің салмағынан тоз-тозы шығуда, оның үстіне жүргізушілер де әбігерге түсті. Құрылыс осы қарқыннан таймаса, 2 қыркүйек күні тас жол қайта ашылмақ.
Жітіқара қаласындағы бірқатар құрылыс жұмыстары да аяқталуға жақын. Мұнда «Бидайқабылдау пунктіне» апаратын темір жол және екі қамба салынып жатыр. Бұл жоба жеке кәсіпкерліктің арқасында жүзеге асуда. «ЖітіқараАстықТрейд» ЖШС-нің басшысы Гүлмарал Жаманқұлова, сәті түссе, астықты биылдан бастап қабылдауға әзір екенін жеткізді.





Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор