Басты міндет – талап пен тәртіпті сақтау
Облыс әкімі А.Мұхамбетовтың төрағалығымен өткен жедел штабтың отырысында карантиндік іс-шараларды сақтау мәселелері қаралды.
Жиын барысында өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы, сондай-ақ кәсіпкерлердің өтініштері ескеріле отырып, ағымдағы жылдың 10 тамызынан бастап инфекциямен сырқаттанушылықтың төмендеуінің оң серпіні сақталған жағдайда карантиндік шаралардың жеңілдеуі туралы шешім қабылданды:
1.Ауданы 500 ш.м. дейінгі азық-түлік емес дүкендердің жұмыс істеуіне рұқсат беру, бұл ретте көрсетілген алаңнан жоғары объектілер жұмысты «клиентке дейін» қағидаты бойынша ғана жалғастырады;
2.Скверлердің, саябақтардың, оның ішінде олардың аумақтарында орналасқан сауда нүктелерінің (аттракциондардың, балалар ойын алаңдарының, батуттардың, балалар велосипедтерін, балалар машиналарын жалға беруді қоспағанда) қызметіне рұқсат етілсін. Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, топтармен 3 адамнан немесе бір отбасы мүшелерінен артық емес шығу;
3.Облыс қалаларында қоғамдық көліктің қозғалыс кестесі сағат 06:00-ден 21:00-ге дейін белгіленсін.
Бизнес субъектілері карантиндік шараларды бұлжытпай сақтаған жағдайда ғана жұмыс істей бастайды, ол үшін мониторингтік топтар алдағы 3 күн ішінде КВИ ауруының алдын алу жөніндегі талаптардың сақталуына бағалау жүргізеді.
-Ағымдағы аптадан бастап біз кәсіпорындардағы барлық санитарлық нормаларды қолданыстағы талаптарға сәйкес келтіру бойынша жүйелі дайындық жұмыстарын (а.ж. 17 тамызға дейін) жүргізе бастадық. Бизнес субъектілері қызметінің басталуы бойынша жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілетін болады, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Отырыс қорытындысы бойынша өңір басшысы бас санитарлық дәрігердің қаулысына тиісті өзгерістер енгізуді тапсырды.