«Тоқта, әйтпесе, соғып тоқтатамын!»
Шетелдің шытырман фильмдерінде сол туындының ажарын ашатын әсерлі де бояуы анық, июуін қандыратын бір оқиға бар. Ол – көбіне басты рөлдегі қаһарманның қала ішінде мафияның тобынан я болмаса полициядан қашып келе жатқан кездегі көліктердің соқтығысы. Әйтеуір небір қымбат машиналардың тас-талқаны шығып жатады. Кейде төбесі жалт-жұлт жанған бүкіл полиция жасағы жабылып жүріп, бір машинаны тоқтату үшін алдында тұрған кедергілерді соғып тоқтап, көпір үстінен ұшып немесе көліктің аударылып-төңкерілгеніне қарамай, екінші біреуін міне салып, кетіп бара жатқанын талай көріп жүрміз. Қызыл жалын, көк тұман түтін бүкіл аумақты басып кеткен кезде кино болса да шындық, осыншама темір тұлпардың қирағанын обалсынып отырасың. Фильмді көріп отырған кейбір үлкендер жағының «Мыналарыңа рахат, машинаның бәрін қиратты, ұстайтын адамын ұстады, ал ана көліктердің орнын кім толтырады?» деп сұрап қалып жататынын талай естідік.
Үстіміздегі жылдың 10 қарашасынан бастап елімізде полицейлердің жол-қозғалысы ережесін бұзғандарға қарсы күш қолдануға қатысты заңға өзгерістер енгізілді. Бұдан былай тәртіп сақшылары өз ықтиярымен тоқтамаған көліктерді соғып тоқтатуға құқылы. Бұл туралы облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Юрий Панасенко атап өтті. Полиция майоры «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдарының қызметін және құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы жарияланғанын айтады:
– «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 60-бабы бірнеше тармақпен толықтырылды. Мұнда полицейлердің арнайы құралдармен күш қолдануы көрсетілген. Онда: «Қызметкерлер келесі әрекеттерге баруға құқылы … брондалған машиналар және өзге де арнайы көлік құралдары … егер жүргізуші қызметкердің заңды талабын орындамаса көлік құралын бүлдіру арқылы тоқтатуға құқылы» деп жазылған.
Аталған бапта тәртіп сақшыларына қатысты төмендегідей құзырет берілген екен: «күш қолдануға құқық береді, оның ішінде күрестің жауынгерлік әдістері, сонымен қатар кісен салу, резеңке таяқ, жас ағызатын құрал, жарықдыбысты құрылғыларды пайдалануға құқық береді, … заң бұзушылардың қылмысының алдын алу мақсатында қажет болса, заң бұзушының аты-жөнін анықтауда, сонымен бірге әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманы оқиға орнында толтыру».
ІІД өкілінің бізге берген мәліметі осы ғана. Ал полицияның көлікті соғып тоқтатуға құқы бары туралы әзірге қағаз жүзінде ғана біліп отырғанымыз болмаса, оның тәжірибеде қолданылғанын көрген де, естіген де жоқпыз. 10 қарашадан бастап күшіне енген жаңа ереженің «шідерін үзіп» қай тәртіп сақшысы тәуекелге барып көрер екен? Бізге сол қызық болғалы тұр. Оның үстіне біздің жол-патрульдік полицияның арнайы машиналарының барлығы бірдей голливуд фильмдеріндегідей қуғанда жетіп алатын, қашқанда құтылып кететін болса ғой шіркін. Ішкі істер саласында шетелдік машиналар да жоқ емес. Дегенмен «УАЗ» дейтін өгіз күші бар, бірақ жүрісі шабандары жылдамдығын сағатына 200 шақырымнан қиналмай арттыра алатын машиналарға қалай жетіп алар екен? 120-дан асқаннан кейін «қақалып-шашалып», «өкпесін өрт шалып», шаң қауып жатса, нағыз күлкі сонда болмай ма?
Бұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, біздің тәртіп сақшыларымыздың біреудің көлігін соғып тоқтататын дәрмені бар ма? Жарайды, қуды, жетті, соқты, тоқтатты делік. Ал ол атынан ат үркетін дөкейлердің біреуі болса ше? Үшіншіден, полицияның енжарлығы дейміз бе, әлде «көрмес түйені де көрмес» әдеті дейміз бе, мына бір оқиғаны мысал етіп келтіре кетейін. Өткен қазан айының 29 күні таңертеңгілік Қостанайдағы көк базардың сауда орталығы алдында жолдың тыйым салынған бөлігінде тұрған көліктердің (қос сызықтан асып, қарсы бетте тұру) заңды-заңсыз екенін анықтап беруін сұрап, сол маңда жүрген жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне барғам. P 649 KP көлігінде отырған Габдулов Мырзахан есімді тәртіп сақшысы «Сіз немене бізге бұйырып тұрсыз. Біздің бастығымыз ба едіңіз?» демесі бар ма? Ал Р 993 КР нөмірлі екінші көліктегі полицейлер «шақырту түсті» деп тайып тұрды. Бұл туралы өңірлік ІІД ватцап желісіне хабарладық.
Көлікті соғып тоқтатуға қайта оралайық. Жоғарыда осы жөнінде толық мәлімет жоқ дедік. Сол себепті мынадай сауал алдымыздан шыға береді. Полиция біреудің көлігін соғып тоқтатты делік. Анау қорыққанынан қашып кетуі мүмкін, немесе ішімдік ішкен, я болмаса іздеуде жүрген қылмыскер болсын. Ал тәртіп сақшысының әрекеті дұрыс болсын, жарайды. Ал қираған көліктерінің шығынын кім өтер екен, ол жағы әзір белгісіз.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ