Амал келді, жыл келді

Бүгін, яғни 14 наурыз – Көрісу күні. Жылдың басы саналатын бұл мейрам Қазақстанның батыс облыстарында ерекше думандатылады. Тойшы қауым Отпан таудың басына жиналып, одан от алып, жер-жерге сүйіншілеп таратады. Бұл рәсім батыс аймақта жасалып, осы дәстүрлер сол жақта бұлжымай орындалатын болғандықтан, елдің өзге өңірлерінде "Амал" мерекесі осы кезге дейін жөнді атап өтілмей келді. Әйткенмен, соңғы жылдары Қазақстанның басқа облыстарына да кеңінен тарай бастады.
Көктемнің шұғылалы мейрамын асыға күткен жұртшылық таңның атысымен дастарханын аққа толтырып, наурыз көжесін әзірлеп, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. "Қырдағы ел ойдағы елмен араласып", көріседі, қауышады. Әр қазақ шаңырағына сәлем бере келген мейманына ерекше ілтипат көрсетіп, төріне шығарады, ас ұсынады. Кішісі үлкеннің үйіне кіріп амандасып, саулық сұрасуы – үзілмей келе жатқан үрдіс.
Бұл мейрамның тек батыс өңірге ғана емес, бүкіл қазақ ұлтына тән болғанын айғақтайтын тарихи дәйектер аз емес. "Ұлыс күні көрісуден басталады. Бұл күні сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар. Ер адамдар қол алысып, төс қағыстырады, әйелдер құшақтасады. Қос қолдап амандасып, төс қағыстыру – өмір тірегім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман-сау болсын дегенді білдіреді" деген көнекөздерден жеткен жазба соны айғақтай түседі.
"Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өріскен,
Шалдар бата беріскен:
Сақтай көр деп терістен,
"Кел, таза Бақ, кел" десіп,
"Ием, тілек бер" десіп,
Көз көрмеске өш десіп" – деп келетін ауыз әдебиеті үлгісіндегі өлең жолдары да "Көрісу" мейрамының тарихы әріректе жатқанына дәлел болатындай. Ал қазақтың көрнекті жазушысы, Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы Наурыз тойы туралы жазбасында мұның мән-мазмұнына тоқтала кетеді.
"…Наурыз қазақтың шын мағынасындағы  ұлт  мейрамы.  Наурызды  қазақтан басқа: Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар да мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-да, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сыяды… Сондықтан бұл Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынып, шаруаның бір малы екеу болып, көңілі өсіп, жасы үлкендер құшақтасып көрісіп, жаңа өспірім жас буын қуанысып күлісіп, жанның бәрі дүнияға жаңа келгендей мәз-мәйрам болса керек", – дейді Жахаң бұл шығармасында.Бұл күннің мән-мағынасы тереңде жатыр. "Көрісуді" бауырмалдық, кеңпейілдік, тілеулестік секілді адами қасиеттер өрге озатын мерекеге де балауға болады. Төрге шыққан Ұлыстың ұлы күні, жаңа жылдарыңыз, жастарыңыз құтты болсын, ардақты Алаш елі!
 
Суреттер интернеттен алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓