Емханалардағы мобильді топтар қалай жұмыс істейді?

Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен емханалар жанынан мобильді бригадалар құрылды. Мобильді топтардың міндеті – амбулаторлық емделудегі, үй карантиніндегі адамдарға, симптомсыз науқастарға қызмет көрсету. Аталмыш бригадалардың жұмысы туралы Қостанай қаласындағы №4 емхананың бас дәрігері Маргарита Бисенова айтып берді.
Бисенова
«Мобильді топтар үй жағдайында емделуге болатын, ауруы асқынбағандарға қызмет көрсетеді. Мысалы, коронавирус инфекциясының симптомдары бар деп күдіктенген адам бізге хабарласып, шағымын айтады. Ауру белгілерін, кіммен байланыста болғанын, неше күн ауырғанын, бәрін өзімізге жазып аламыз. Содан кейін барып жеке қорғаныш құралдарымен қамтылған мобильді бригаданы жібереміз. Оның құрамында дәрігер мен медбике бар. Олар науқастың жағдайына қарай әрекет етеді. Рентгенге немесе өзге де анализдер тапсыруға емханаға жолдама беруі мүмкін. Бірақ, пневмания немесе басқа ауру екенін білу үшін кеудесін тыңдай алмайды, өйткені, арнайы киімде дәрігерге құлағын ашуға болмайды. Бұны кейбір пациенттер түсінбей жатады. Бұрын үйде ауырып қалғандардың шақыруына жедел жәрдем баратын болса, қазір мобильді топтар барады. Әр шақырылымға Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры арқылы ақы төленеді. Оның құны – 5 мың 400 теңге», – дейді Маргарита Бисенова.
мобильн
Егер пневмания немесе коронавирус инфекциясының белгілері анықталса, онда мобильді бригаданы шақырушы науқас адамнан анализ қорытындысы дайын болғанша үйден шықпау туралы қолхат алынады. Маргарита Бисенованың айтуынша, covid-19 симптомдары бар адамдарға антибиотик ішуге болмайды. Тек асқынған жағдайда, оның өзінде тек дәрігерлердің кеңесі бойынша ішуі керек.
мобильді
«Дене қызуы 37,7-37,8 градусқа дейін көтерілсе, оған алаңдаудың қажеті жоқ. Тек жағдайыңызды бақылап отырсаңыз жеткілікті. Антибиотикпен аллергия немесе басқа ауруларды қоздырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан, біз сұйықтан көп ішкен дұрыс деген кеңес айтамыз. Ал 38 градустан асса, оны түсіретін дәрілер бар. Мысалы, күніне екі мәрте (таңертең және кешке) «Парацетамол» ішкен дұрыс. Бізге ыстығы көтерілгендер хабарласып жатады. Оларға осыны айтып, күн сайын хабарласып, ахуалын біліп тұрамыз», – дейді дәрігер.
мобиль
№4 емхана жанынан 4 мобильді топ құрылған. Олардың жұмысы таңғы сағат 8.00-ден түнгі 00.00-ге дейін. Бригада мүшелерінің арнайы киімдерді қалай кигені мұқият тексеріледі. Әр шақырылымға барып келген сайын олар мінген көліктің іші-сыртына дизенфекция жасалады.
моб
«Бойымда ауру жұқтырам-ау деген ешқандай қорқыныш жоқ. Жұмысым өзіме ұнайды. Мұнда жұмыс істеуге өзім ынта білдірдім», – дейді мобильді бригадалардың бірінде қызмет етіп жүрген дәрігер Айсұлу Аратайқызы.
мобиль бригда
Қоса кетейік, Қостанай емханалары жанынан құрылған мобильді топтарға қаладағы такси ұйымынан 12 көлік бөлінген.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓