Дәрігерлер дәріс тыңдады
Қостанай дәрігерлері бейне-конференция арқылы ресейлік ғалымның дәрісін тыңдады. Челябі облысының штаттан тыс бас эпидемиологы, медицина ғылымдарының кандидаты Александр Выгоняйлов COVID-19 індетіне шалдыққан науқастарды емдеу мен аурудың алдын алу жолдарын түсіндірді.
Бейне-конференцияға облыстың 75 медицина ұйымы қатысып, ресейлік ғалымның дәрісін мыңға тарта дәрігер тыңдады.
«Қоғамда коронавирус инфекциясынан емдеудің түрлі тәсілдері айтылып, жазылып жатыр. Бірақ, ең абзалы – дәрігердің емі. Індетке шалдыққандар мен олармен байланыста болған адамдар осыны жақсы түсінуі керек. Ауруды түрлі белгілері арқылы анықтай аламыз. Мәселен, 1-2 тәулік ішінде орташа ентігу пайда болып, өкпенің өкпенің сырылы қатты естіліп тұрса, онда оған бірден ем-дом шаралары жасалуы керек», – деді Александр Выгоняйлов.
Ғалым лекциясын түрлі көрнекі ақпараттармен қызықты әрі түсінікті етіп оқып отырды.
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов жақында Челябі, Свердлов облыстарының губернаторларына хабарласып, екі аймақтың білікті мамандары коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды емдеу, диагностика турасында қостанайлық дәрігерлерге дәріс оқыса деген ұсыныс айтқан еді. Сол екі жақты келісімге сәйкес, көрші елдердің мамандары 14 шілдеден бері бейне байланысқа шығып отыр. Дәріске аймақтағы медицина ұйымдарының бәрі қатысады.
«Бұл бейне-конференцияның бір тиімді тұсы – дәрігерлер жұмыс орнынан шықпай, қалта телефоны арқылы тыңдап отыра береді. Мысалы, мен кешегі дәрісті жұмыс істеп жүріп тыңдадым. Басқалар індетпен қалай күресіп жатыр, біздің мамандар ескермей жатқан дүниелер бар ма? Осы тұрғыдан келгенде, мұндай дәрістерден біздің аларымыз мол. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі де үнемі вебинарлар ұйымдастырып тұрады. Тәжірибе алмасу қашанда керек», – дейді Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник.
Оның айтуынша, ресейлік мамандардың лекциясы алты күнге жоспарланған.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ