Игі іске инвестиция қажет
Қостанайда «Kostanay-Invest 2017» 1-ші халықаралық инвестициялық форум аяқталды. Екі күнге ұласқан алқалы жиынға Египет, Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Польша мемлекеттерінен жүзден астам кәсіпкер қатысты. Сондай-ақ, форумға ҚР Үкімет мүшелері, түрлі халықаралық қаржы ұйымдары, орталық мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпустардың өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар келді. Тобыл өңірінде өткен тұңғыш бизнес-кеңесте ауылшаруашылық, тау-кен өндірісі, машина құрастыру, туризм саласын дамыту тәрізді келелі мәселелер көтерілді.
Жалпы, Қазақстан – инвестиция құюға қолайлы аймақ. Бұл біз сөзге тартқан сарапшылардың пікірі. Қостанайға келген шетелдік инвесторлар да мұны құптап отыр. Соның ішінде біздің өңір сауда-саттық жүргізуге жағырапиялық жағынан өте тиімді. Облыс еліміздің төрт өңірімен шектесеіп жатыр. Сонымен қатар, көршілес Ресей Федерациясының төрт облысы да Қостанайға жақын орналасқан. Яғни, бұл маңда кем дегенде жиырма бес милиондық контингентті құрайтын алып нарық бар деген сөз.

-Форумға алыс-жақын елдердің өкілдерімен бірге облыстың инвестиция тарту мүмкіндігін жан-жақты талқылады. Өздеріңіз көрдіңіздер, басты төрт сала бойынша шетелдік мамандардың, қаржы ұйымдары жетекшілерінің пікірін тыңдадық. Негізі, облыстың қай саласы болсын, инвестиция тартуға мүмкіндігі зор. Облыс түрлі қазба байлықтарға, кеніштерге кенде емес. Оның сыртында мемлекет ауылшаруашылығын дамытуға нақты қолдау білдіріп келеді. Сондықтан, келіп, жұмыс істеймін деген жандарға нақты жағдайлар жасалған деп батыл айта аламыз. Облыста биылғы сегіз айда экономиканы дамытуға тартқан инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 11 миллиард теңгеге көп. Бұл өңірдің инвестициялық қуатын көрсетеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.




Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.