Тағзым мен құрмет белгісі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы үшін марқұм медицина қызметкерлерін арнайы наградалармен марапаттау туралы Жарлық шығарды. Осы құжат негізінде еңбегі жоғары дәрежелі атақтарға лайықталған марқұм дәрігерлер қатарында екі қостанайлық маманның есімі бар.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус індетімен күрес жолында қаза болған медицина қызметкерлерінің тізімін жариялады. Олар – медицина мамандары – провизорлық, жұқпалы, карантиндік және модульдік стационарлардың қызметкерлері.
Мемлекет басшысы олардың барлығына тағзым мен құрмет белгісі ретінде "Қазақстанның Еңбек Ері" жоғары дәрежелі атағын, "Құрмет", "Отан" ордендерін туысқандарына табыс етті. Аты ардақталғандардың қатарында Қостанай облысының марқұм дәрігерлерінің де есімі бар. Атап айтқанда, Ұзынкөл аудандық ауруханасында кіші медициналық қызметкер болып еңбек еткен, 42 жасында індеттен көз жұмған Тамара Георгиевна Макарова және Жітіқара аудандық ауруханасының медбикесі, 55 жасында осы дерттен мерт болған Елена Анатольевна Новоселованың атына "Құрмет" ордені тағайындалды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған мәлімет бойынша, 27 дәрігер коронавирус індетін жұқтыру салдарынан көз жұмған.
"Осы күндері менің әріптестерім – дәрігерлер мен медицина қызметкерлері өмірден озды, мәңгілікке көз жұмды. Олар өмірінің соңына дейін дәрігерлік борышын жанқиярлықпен атқарды. Біздің есімізде олар мәңгі нағыз батыр болып қалады. Осы қауіп-қатерді тоқтату үшін мен және менің әріптестеріміз тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Біз біргеміз, пандемияны жеңіп шығу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Біз бұл қиындықты жұмыла отырып, жеңе алатынымызға сенімдімін", – деген еді министр марқұм әріптестерін еске алуға арналған жиында.