Көмек қолы қажет
Қостанай қалалық ауруханасы бүгінде провизорлық стационар ретінде жұмыс істеуде. Мұнда 250 науқас ем алып жатыр. Осы ем алушыларға оттегі баллондарын жеткізіп тұратын көмек қолы қажет.
– Емделушіге қажетті медициналық оттегі баллондары баршылық. Бұрын осы баллондардың бір аптада 40 данасы қолданатын болса, қазіргі кезде бір күнде 80 данасы кетіп жатыр. Бір баллонның салмағы 70 келі. Оны тасу оңай жұмыс емес. Арнайы қоймадан шығарып, тиеп беретін көмекшілер керек болып тұр. Көмек дәрі-дәрмектерді тиегенде де, тіркеу орнынына да аса қажет. Егер осындай қысылтаяң шақта көмекке келемін дейтін еріктілер болса бізге келулеріне болады. Күніне он адам күндізгі сағат 9-13 дейінгі аралықта осындай жұмыстарды атқарса болады. Әрине, оларға ақы төленбейді. Қазірдің өзінде көмектесеміз деп келіп жатқандар баршылық. Жастар болсын, кез келген қала тұрғыны белсенділік таныта алады. Айта кетерлігі бұл жерде науқас жандардан вирус жұқтырып аламын деп қауіптенбесе де болады. Бұл жұмыс аурухананың сырт жағында, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Саят Шаймұрынов.
Оқырмандарымыздың арасында дәрігерлерге көмек беріп, бір күндік уақытымды қайырымдылыққа арнаймын дейтіндер болса басқармаға барып, тіркелуіңізге болады. Біз біріккенде ғана мықты болатынымызды естен шығармайық. Бұл оттегі баллондары ауырып, екі өкпесі қысылып, ауа жетпей жатқан науқастарға аса қажет.
Провизорлық стационарға еріктілер қажет дегенді естіп, көмекке келген жанның бірі - Третьяк Милена. Милена «Лига добра» валантерлер штабының жетекшісі. Қазіргі жағдайды түсініп, қолынан келген көмегін аямай, барынша бір септігім тиіп қалар деген мақсатта келген екен.
-Бүгін бірінші күн еңбек етіп жатырмын. Дәрігерлерге қандай да бір көмегім тиіп қалар деп арнайы келдім. Дәрігердің қасында отырып, қажетті деректерді компьютерге тіркеймін. Бәрі де «қалай қорықпайсың, вирус жұқтырып алма» деп үрейленіп жатады. Менде ондай қорқыныш болған емес, себебі, мұнда барлық санитарлық жағдай сақталған. Науқастармен тікелей қатынас болмайды. Тек деректерді тіркеп отырамын. Қазіргі жағдайда бұл үлкен көмек. Дәрігерлер үлгермей жатыр. Ауруханаға білікті, жүрегі кең ер адамдардың да көмегі керек, - дейді жас валантер.
Бұл жерге Милена сияқты жастар келіп, көмектесуде. Жаз мезгілі болған соң көп жастар тұрғылықты жерлеріне кеткен. Бірақ соған қарамастан, қала тұрғындары түске дейін бір мезгіл уақыттарын бөлуде.