Дүрлігуге негіз жоқ
WhatsApp мессенджерінде аурухананың инфекциямен күрес бөлімінде орын жоқ, қайтыс болған адамдар дәліздерде жатыр, оларды алып шығуға дәрігерлер үлгермеуде деген жазба пайда болды. Онымен қоса, шақырған жедел жәрдем бірнеше күн бой келмегенімен қоймай, облыстық аурухананы карантинге жауып тастаған, дәрігерлердің барлығы науқастанып қалып, сырттан ауырған адамдарды қабылдамай жатыр деп айды аспанға бір-ақ шығарыпты.
Осы жазба өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне жауапты басшыларды бей-жай қалдырған жоқ. Облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Моисеевтің өзі жауап берді. Ол бұл жазбаның бастан-аяқ жалған екенін жеткізді.
– Әрине, жансақтау бөлімінде өкпе қабынуынан, коронавирустық инфекциядан қайтыс болып жатқан адамдардың бар екені рас, бірақ дәліздерде мәйіттер жатыр деген өтірік сөз! Облыстық аурухана карантинге жабылған емес. Қостанай қалалық ауруханасында провизорлық госпиталь жасақталғандықтан, облыстық аурухана ауыр жағдайда келген науқастарды қабылдап жатыр. Яғни, қалыпты режимде жұмыс істеудеміз. Тері-венерологиялық диспансерде қосымша 70 орын дайындылған. Облыстық аурухананың өзінде 150 орын дайындалса, олардың 100-ге жуығында науқастар жатыр. Яғни, қосымша бос орындар жеткілікті. Жансақтау бөлімінде 10 орын бар, – деді ол.
Бас дәрігердің айтуынша, пневмонияның асқынған түрімен түскендер арасында өлім-жітім бар. Бір аптада 5 науқасқа дейін көз жұмады. Бұл өте қауіпті індет болғандықтан, оған бей-жай қарамау керек. Бір айта кетерлігі өткен аптада инфекциялық бөлімде бірде-бір өлім жағдайы тіркелмепті.
– Инфекциялық және провизорлық госпитальдің айырмашылығы – провизорлық бөлімде пациенттер COVID-19 белгілерімен түскендерге арналған. Сол себепті, провизорлық госпитальдар анағұрлым толық. Ал инфекциялық бөлімде өзінің жансақтау бөлімшесі бар. Онда COVID-19 белгілерімен науқастанғандарды емдейді. Қазіргі таңда онда 35 адам ем алып жатыр екен. Күнделікті 5-6 пациент жазылып шығып жатады. Мәселен, Қостанай қалалық ауруханасының провизорлық стационары толық болғанмен, ол жерден күнделікті 10-15 адам емделіп шығып жатыр. Психикалық денсаулық орталығы базасының провизорлық емдеу бөлімінің 100 орны толық, сәрсенбіге дейін тағы 100 орын әзірленеді. Туберкулез диспансерінің инфекциялық бөлімінде 65 науқас бар, тағы 35 орын бос, – деді Ю.Моисеев.
Ал жалпы облысымыз бойынша жедел жәрдемнің 51 бригадас болса, оның 16-сы Қостанай қаласына тиесілі. Мәселен, жексенбі күні бір тәулікте 1464 өтініш келіп түскен. Өңіріміз бойынша 782 жедел жәрдем шақыру қоңыруы шалынса, Қостанайда – 359, Рудныйда – 144, Лисаковта – 34, Жітіқарада – 31, Арқалықта – 74, Тобылда – 34. Ал 211 адам шұғыл госпитализацияға жатқызылыпты. ЖРВИ белгілерімен – 342, пневмониямен – 67 және басқа да аурулармен 108 шақырту болған.