Көшеге жарық келді
Күн жылынғалы Рудный көшелерін жарықтандыру жұмыстары ерекше қарқын алды. Таяуда қаладағы Молодежный, Чехов көшелеріне де жарық келді.
–Шыны керек, осы уақытқа дейін қаланың ескі бөлігін абаттандыру және көгалдандыруға айтарлықтай мән берілмей келді. Өйткені соңғы бір-екі жылда бар күшті жолдарды қалыпқа келтіруге жұмсадық. Биыл абаттандыру бойынша тендерді «Қазақ зағиптар қоғамы» жеңіп алды. Бүгінде бірлестік өкілдері білек сыбана іске кірісіп кетті. Мұнымен қоса, осы жердегі екі шағын көшеге «Стройпроектиндустрия» ЖШС 13 жарық шамын орнатты. Жұмыстар жалғасуда, – дейді Рудный қаласы әкімінің орынбасары Әнуар Есқатов.
Серіктестік бұған дейін №14 орта мектеп аумағы мен Горняков, Гагарин көшелерін жарықтандырды. Ендігі кезекте – Фрунзе, Марите, Корчагин көшелері мен №21, 4, 10 мектептің аумақтары тұр.
– Қысқы уақытта күн ерте батқандықтан дүкенге барып-келудің өзі мұң болатын. Өйткені көше тас қараңғы, тек әрі-бері зуылдаған көліктердің жарығы болмаса. Қазір жарық диодты шамдар орнатылып, қуанып отырмыз. Мамандар бұл шам жиі ауыстыруды қажет етпей, бірнеше жылға дейін қызмет ететіндігін айтады. Лайым солай болғай, –дейді Чехов көшесінің тұрғыны Қайрат Ескендіров.
Айта кетейік, көшелерді жарықтандыру кезінде кеңес дәуірінен қалған жарық бағаналарын да пайдалану жоспарда бар. Бұл жұмыстардың құнына оң әсер етпек. Биыл аталған мақсатқа қазынадан 90 млн теңге бөлініп отыр.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ