ЖАЗБА АЙТЫС: Марғұлан мен Злиха

Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығына орай өтіп жатқан "Қазақ үшін жүрек майын шам қылған" атты облыстық жазба айтыстың екіні айналымы жалғасады. Өлең сайысына түсетін келесі жұп – қостанайлық Марғұлан Оспанов пен торғайлық Злиха Кенжеғозина. Тәжірибелі қос айтыскердің жазба жырына назар салып көрелік.
Марғұлан:
Сүбелі сөздің дәмін тілімнен көр,
Өнерді білу үшін білім меңгер.
Көрігін қыздырады жазба айтыстың
Екінші айналымға ілінгендер.
Оңынан татымды ұғым айта білсе,
Жолынан ақынды кім сүрінген дер?
Злиха, аманбысың, Торғайдағы
Толғаған қабылдасын жырыңды енді ел.
Үніңді естігендей әсер алсын
Газетке айтыс оқып үңілгендер.
 
Бойымнан таусылғанша барша демім,
Жалғанның шарлар едім жарты әлемін.
Ол бірақ туған жерге жетпейді ғой
Арайлы қарсы алатын таң сәлемін.
Мен кеше туған жерге барып қайттым,
Құмарым қызығына қанса дедім.
Жатқан соң Ахметтің мерейтойы
Торғайда өтеді деп жар сап елім.
Айтысып ақындары, ат жарысып,
Дәстүрлі тыңдаймын деп арқа әуенін,
Келгендер қуана алмай, шүкір десті
Көргенге қарт Торғайдың дархан елін.
Амалсыз Ахаң тойы тоқтатылды,
Тілсіз жау басы болып бар пәленің.
Қонақтар шақырылған кері қайтты,
Асқанмен шалғай жолдың орта белін.
Жанартау жалынындай атқылап кеп,
Самарқау көңілменен тарқады елім.
 
Тараған Ахметтің даңқы көпке,
Танымал еңбегі де жалпы көпке.
Ғылымның шұғыласы болған еді
Шуағын шашып тұрған бар түнекке.
Қазақта қайталанбас қайраткер деп
Ағайын, Ахаңды айтсам артық етпе.
Кейінге шегерілді мерейтойы
Алланың ісіне адам қарсы кеп пе?
Алланың ісі болып расыменен,
Не шара, орманымды өрт шарпып өтсе?
Алайда, осы тойға қарсы шығып,
Қайтейін саясаттың салқыны өпсе.
Тойындай жетім қыздың өткеннен соң,
Елдегі ағайын жүр артып өкпе.
Дегенмен, той тойлау да оңай емес,
Оранып жатқан кезде халқым өртке.
Көңілі су сепкендей басылған жұрт
Тарқады қосылғандай бар тілекке.
Оқылған дұға-тілек қабыл болып,
Рухы атамыздың, қалқы көкте.
Әйтеуір тағзым етер орын қылып,
Әкелді топырағын Сарытүбекке.
Президент «осы өлкеге қайта келем»
Дегенін қабылдадық анты деп те.
Қайтадан үй салынып, той жалғасып,
Қайырлы болсын деймін арты көпке.
 
Таусылмай тәңір берген мол сыбағаң,
Сән беріп қарағайға толшы, далам.
Тоқсан үй тоқсан күнде бой көтеріп,
Арылсын алаңсыз жұрт зор шүбәдан.
Өртеңге шыққан гүлдей жайнайды әлі
Өңірім елден көмек қол сұраған.
Аманның қара орманы өртенгенмен,
Қазағым қара ормандай болсын аман!
 
Өлеңін әрі қарай жалғайды ұлың,
Халықтың сүйрейді ақын нардай жүгін.
Торғайда тұрып жатқан ақын едің,
Төгілсін, Злиха қыз, балдай жырың.
Ат ізін салмай кетті көптен билік,
Торғайдың сылтау қылып шалғайлығын.
Болмаса ақындары жеткізетін,
Халықтан сұрап жатыр хал-жайды кім?
Сондықтан осы айтысты пайдаланып,
Злиха, тақылдасын таңдай бүгін.
Тоқаев Торғайыма қайта келсе,
Халықтың айтар едің қандай мұңын?
 
Злиха:
Адал сөз нәсіп етсін Алла маған,
Ауырмай өлед деуші ед аңдамаған.
Ақындық берген сыйы Жаратқанның,
Бұл жолды кез келген жан таңдамаған.
Армысың, қазақ дейтін сырбаз халық,
Патшадай жан – жағына паң қараған.
Марғұлан кездесіпті қарсылас боп,
Үлгі алған текті ата мен арлы анадан.
"Сары құнан" деп басыңнан сипаушы еді,
Айтыста ақын, тілші Заңғар ағаң.
Мен бірақ аяушылық танытпаспын,
Өртеніп жатқан кезде орман анам.
Орман да жер ананың бір бөлшегі,
Жөн болмас табиғатты қорғамаған.
Торғайға Әулиекөлмен келіп ең ғой,
Сол сәтте болып па еді орман аман?
Тілсіз жау болғанымен, шын өшіксе ,
Өртті де жасай салар қолдан адам.
Қаншама қиын заман болса – дағы ,
Қылса екен қазағымды Аллам аман.
 
Күн туды алмағайып ел басына,
Айтайын ақиқатты енді ашына.
Ахаңды әліпбидің атасы деп,
Рухына тағзым еткен ел бас ұра.
Торғайда той өтеді дегенді естіп,
Ағылып ел Ахаңның келді асына.
Жүрсін ағам бастаған бір топ ақын,
Айтыс жасап жайғасты төр басына.
Айтысты шала – пұла бітірген соң 
Еліңе кетіп қапсың сен де асыға.
Енді кеп Тоқаевқа не дейсің деп,
Сұрайсың қан жүгіріп рең – басыңа.
Тарихы бай болғанмен, халқы кедей,
Халықтың халін айтам елбасыға.
Күн көрістің төменгі деңгейі деп,
Отыз мыңды шағыпты жан басына.
Біз жақта қымбатшылық. Бір адамның ,
Мың теңге жетеді тек таңғы асына.
Отыз күнде отыз мыңға таңғы ас ішкен,
Ел жайын әрбір үйге бар да сұра.
Болмаған соң қарны тоқ, көйлегі көк,
Сенбейді ел билік пен ханға, сірә.
Қант бағасы неліктен көтерілді,
Қант тұрса тонналаған қорда, сірә .
Мұңымыздың үлкені тойы Ахаңның,
Бұл жайлы қайғырған хан бар ма, сірә.
Жыл бойы дайындалып, тер төккен ел,
Шер- мұңын ақтарды тек Алласына.
 
Саналы сөз айтайын өтімді қып,
Үкімет қараса егер бетін бұрып.
Статустан көретін болдық қазір,
Кімнің қайда жүргенін не тындырып.
Өрт сөндіріп жүрген сурет көрген жоқпыз,
Қонақ боп, бәрі ет жеп, отыр күліп.
Ахаңның тойын неге тоқтатты екен,
Торғайдың текті елін өкіндіріп.
Өнер десе астарын жерге қояр,
Біз жақта батыр да ұлық, ақын да ұлық.
Әркімнің айтағымен сөйлейтіндер,
Жатыр ғой қанден итше әкімге үріп.
Қасақана жасалған қастық па деп,
Санамнан кетпей қойды-ау соқыр күдік.
 
Болған соң, көп ақыннан жырым дара,
Атандым азулы ақын, білімді ана.
Ел ағасы боп қалдың сен де қазір,
Бір кезде болсаң-дағы құлын, бала.
Екеумізден тәп – тәуір айтыс шығар,
Сөйлесең артық кетпей тілімді ала .
Туған жерге ештеңе жетпейді деп,
Құр әншейін сайраған тілің ғана.
Сен біздің Шилі жақта туып ең ғой,
Ұлының естімеді ел үнін дара.
От алып келген жандай тайып тұрдың,
Жол жүрер жолаушыдай жүгіңді ала.
Амандасып бармапсың Шилі еліне,
Әрине, жарамады мұның, бала.
Туған жерге соқпастан тұра қашқан,
Бауырмал Марғұланның түрін қара.
 
Марғұлан:
Жатқанда Әулиекөлдің күйіп елі,
Злиха ойына не түйіп еді?
«Ватсаптан өрт сөндіріп жүргендердің
суретін көрмедім», деп күйінеді.
Жақсылық жасай білсең жариясыз,
Алладан бұйырмай ма сый үнемі.
Желбіреп ақ шапаны өртте жүрген
Желіде жұрт мүфтиге кейіп еді.
Ол да сол жарнаманың кесірі ғой,
Дүрлігіп жатса қазақ дүйім елі.
Өтірік, өсек өртін қаулататын
Жұрт жалған жаңалыққа үйір еді.
Ресми ақпаратқа жүгінсе егер,
Күмәннің бұлты сонда сейіледі.
«Қонақ боп, бәрі ет жеп отыр күліп»,
Бұл сөзің нақты кімге тиіп еді?
Статус қарап жұртқа баға берер,
Не деген «СТАТУСЫҢ» биік еді.
 
Злиха, сөйлейсің-ау шала мастай,
Ойыңды дұрыс жеткіз ала қашпай.
Ұрысып қалғандайын ұйқастарың,
Кетіпті бір-бірімен араласпай.
Әкімге қанден иттей кім үріп жүр?
Ойларың неге сенің жалаңаштай?
«Тойына Ахметтің келіп тұрып,
Шиліге соқпадың» деу жарамастай.
«Аулыңа амандасып бармадың», деп
Злиха, қойдың-ау бір қабақ ашпай.
Іріткі сап ауылыма қарсы қойып,
Ірітіп отырсың ғой жаман астай.
Шиліге бір ай бұрын барып қайттым,
Ахаңның тойыменен жағаласпай.
Тойға кеп, Ақкөл жаққа соқпай кетсем,
Сол кезде айтсаң болар, қара баспай.
Өзіңді «азулы ақын, дара» депсің,
Елің бар баға берер нар алаштай.
«Тілімді ал, көп ақыннан білімдімін»,
Деп бүгін бір жаңалық маған ашты-ай!
Өлеңің онда неге олпы-солпы
Өрттегі шала жанған кәрі ағаштай?
 
Бос сөзді осыменен тауысайық,
Злиха, тойда қайта қауышайық.
Сералин Мұхамеджан мерейтойы –
Негізгі тақырыпқа ауысайық.
 
Нәр алған Мұхамеджан арман жырдан,
Жаралған жандай еді жанған нұрдан.
Әкесі Серәлі ақын, сері болған
Туады текті ұрпақ талғамды ұлдан.
Сыр толы Серәлінің отты өлеңі
Оқырман кеудесіне шам жандырған.
Хан Кене жайында алғаш дастан жазды
Кейін ол «Топжарғанда» сәл жаңғырған.
Орынбай, Ұлбикемен айтыстары
Жыр сүйер тыңдарманын таңдандырған.
Сері-аға ақын әрі композитор
Тарихқа мұра қылып ән қалдырған.
 
Өнерде осылайша сел бұзыпты,
Ерекше дарынына ел қызықты.
Жоғары баға беріп Затаевич,
Әндерін кітабына енгізіпті.
 
Осындай текті атадан жаратылған
Біз үшін Мұхамеджан дара тұлғаң.
Ісіңмен қайраткерлік, қаламгерлік
Тарихта орының бар дара тұрған.
 
Қолына қазақ үшін қалам алып,
Дарытқан Мұхамеджан санаға құт.
Насихатталмай жатыр әлі бірақ
Еңбегі деңгейінде бағаланып.
Жатқа айтып "Топжарғанды" таспалатып,
Танытты Нағашыбай нар ағалық.
Табады туындыны іздеген жұрт
Газеттің сайтынан қарап алып.
Мұхаңның "Гүлкәшима" поэмасы
Тұрады мазмұнымен дараланып.
Бұл күнде қос поэма орысшаға
Аударма жасалуда сараланып.
Мұхаңның мерейтойын мемлекеттік
Деңгейде тойлауға да жарамадық.
Бас-көз боп Мұхамеджан мұрасына
Жүретін тек ауданы Қарабалық.
"Қостанай таңы" жалғыз қолдайтұғын,
Біріксе нар жолында қалама жүк.
Ұрпағы ұлыларын ұлықтаса,
Есімі ел жадында қалары анық.
 
Злиха, жар боп саған Жаратқаным,
Шапағат нұрын шашсын әр ақ таңың.
Ауылдың еңбегіне етің өліп,
Өтуде барлық күні әр аптаның.
Ағылшын пәнін сенің оқытуға
Колледж бітіре сап жарапты әлің.
Жоғары біліміңді әлі алмапсың,
Жетіліп өспек түгілі санаттарың.
Ауылдың мектептері дәлелдеуде
Көрсетіп тауықсыз-ақ таң атқанын.
Білікті мамандарға зәру еді,
Кескендей балапанның қанаттарын.
Осындай мәселенің бары шындық,
Тұрғам жоқ білімсізге санап бәрін.
Өзгертіп жатыр білім министрі
Оқыту жүйесінің талаптарын.
Биылғы жаңа оқу жылына орай
Жеткізді білім жайлы жаңа ақпарын.
Үшінші сыныптан тек басталады
Өткізу шет тілінің сабақтарын.
Ахмет атамыздың айтқан сөзін
Ескеріп отырған жоқ "қарақтарым".
– Әр бала бастауышта өз тілінде,
Деді Ахаң – ашу керек сауаттарын.
Злиха, сен де мұны қаламассың,
Қысқарып қалады деп сағаттарым.
 
Злиха:
Айтысты әрі жалғайын,
Жаратқан берсе күш маған.
Өлеңмен таспа тілуші ем,
Қызыл тіл –  өткір ұстарам.
Тұлпар боп түсем жарысқа,
Сұңқар боп ұшам алысқа ,
Тегіме тартқам ақын боп,
Текті құс текке ұшпаған.
 
Ұстаздық еткен жалықпас,
Еңбек етсе де күнімен.
Шаршаса да демалмас,
Қағаз толтырып түнімен.
Мамандығым сай келген соң,
Біліміме сенген соң,
Өзім оқыған мектепке ,
Мұғалім болып кіріп ем.
Оқушыларға ұстазбын,
Ол рас шетел тілінен.
Қысқарғанмен сағатым,
Айлығым бар ғой алатын,
Несібесіне Алланың 
Шүкір ғып ылғи жүріп ем.
Өрт жайлы өзің сұраған,
Түрің бе бізді сынаған,
Қарт Торғайыма жанашыр
Жан деп ойласам мұны мен.
Жалаңаш деп жырымды,
Түсірмек болған құнымды,
Жетістігімді көре алмас 
Ішің тар екен шынымен.
Кандидат та боламын,
Докторлықты да аламын,
Іздене берсем осылай,
Профессор болам түбі мен.
 
Тілі аман болса бұл қызың,
Талайдың қанын ішеді.
Елі аман болса бұл қызың ,
Талай да сынға түседі.
Атақ – даңқыңа қарамай,
Бақыртып біраз баладай,
Екі рет жеңгем мен сені,
Несіне кеудең піседі.
Марғұланды құлатқан,
Сахнада жылатқан,
Ең алғашқы рет қатысқан,
Айтысым еске түседі.
Ұмытпасам ол кезде,
Екі мың сегіздің қысы еді.
Злиханы жеңем деп,
Өз күшіне сенем деп,
Шыр-пыр болып талайдың,
Шұрқыраған ішегі.
Ауызыңды ашқызбай,
Аяғыңды басқызбай,
Алладан тіле айламның,
Салынбасын деп кісені.
 
Бабалар үні кеудемде,
Сайрайды бұлбұл үніндей.
Қазағым менің мықты ғой,
Өтетін сыннан сүрінбей.
Өртенбесе орманым,
Орындалып арманым,
Ахаңа кеше арналған,
Өтер ед тойың дүрілдей.
Соғысты көрген ел едік,
Қайтпайтын қайсар ер едік,
Біріксек тағы  өтерміз,
Бұл сыннан да мүдірмей.
Мұхамеджандай нар тұлға,
Мол мұра қалған артында,
Қанбайды шөлім жырларын,
Соңына дейін сімірмей.
Дамыған ел болмаспыз,
Алысқа ұзап бармаспыз,
Өшкеніміз жаңғырып ,
Өлгеніміз тірілмей.
 
Қостанай менен Торғайдың,
Тарихы жатыр тереңде.
Тектілер туған топырақ,
Айналған аңыз, өлеңге.
Аллаға берген сертпенен,
Төл тарихыңды зерттеген,
Пана болған өлкесің,
Ахаң, Жақаңдай еренге.
Өзіңнен ұшқан қарыштап,
Бабалар сыйын табыстап,
Мұхамеджандай марғасқа,
Қызыл тілдегі шебер де.
 
Марғұлан:
Өнерден болғаннан соң хат-хабары,
Ақынның жыр емес пе баптағаны.
Айтысқа «қан ішемін» деп келген соң
Злиха, сенен бәрі сақтанады.
Сөзіңді сынап едім, пікірімнің
Байқалды саған бірақ жақпағаны.
«Екі рет жеңгенмін» деп сасқанынан,
«Жылаттым, құлаттым» деп шаттанады.
Негізі, жеңілгенін сезген адам
«Мен бұрын жеңгенмін» деп мақтанады.
Мен сені жеңемін деп айтыспаймын
Марғұлан одан қайбір бақ табады?
Тағы да жеңілуім әбден мүмкін
Сен емес бірақ берер нақ бағаны.
Айтыста жеңімпаз деп саналмайды
Ауызын уәжге тоқтап жаппағаны.
Сондықтан сенен бәрі жеңіледі
Өзіңнен тұрса да асып бақ, таланы.
Себебі, сен ерекше ақынсың ғой
Тоқтамай жалғасатын тақпағы әрі.
Жеңіліп Абай күнде сендейлерден,
Кірлеген көңілінің ақ парағы.
 
Айтайын келіп тұрса осы ыңғайға,
Шын жүйрік бауыр жазып жосылмай ма?
«Кандидат, докторлықты аламын» деп
Батырып қойдың, құрбым, досыңды ойға.
Бүгінгі мұғалімдер мансапқұмар,
Себебі, оған ақша қосылмай ма.
Бұл атақ Ахаңдар мен Мұқаңда жоқ,
Онсыз-ақ еңбек еткен тосылмай да.
Болса да дарын төмен, даңқы биік
Бұрылды бағытынан көшім қайда?
Ақшаға атақ сатып алғандар көп,
Тап болып жүрміз талай тосын жайға.
Еңбегі сіңбесе де ел-жұртына,
Ат үркіп атағынан шошынбай ма?
«Түбінде профессор болам» дейді,
Білмеймін білімді ме, досым бай ма?
«Атақ жоқ арсыз болмай» деген Абай
Сөзі де айтылған-ау осындайда.
 
Болғанмен көп жаңалық мәлім БАҚ-тан,
Тарихтан тілші қайда сәл үн қатқан?
Баспасөз бұдан бұрын болмағандай,
Етесің «Айқапты» айтып бәрің мақтан.
«Қазақтан шыққан кәсіби журналист» деп
Жөн шығар Сералинді танып жатқан.
Алайда, Алтынсарин айтылмайды
Қазақ баспасөзінің шамын жаққан.
Ыбырай ХІХ-ші ғасырда алғаш
«Қазақ» деп газет ашып, дабыл қаққан.
Жобаға қарсы шығып отарлаушы ел,
Шығармай Ұстаз үнін дамылдатқан.
Шәкірті Ахметтер жалғады оны,
Болмады одан бірақ бағың батпан.
Алаштың бағын байлап, мұрша бермей,
Саясат сорын қайта қалыңдатқан.
Біржола жою үшін қазақ үнін
Ақыры Ахметтей ғалымды атқан.
«Халықтың жауы» қылып көрсеткенмен,
Алды ғой арашалап арын дақтан.
Данқты бабалардың құдіреті
Ұлтымның рух-жігерін жалындатқан.
 
Рухымыз жалындайды, сөнбейді әлі,
Жігері қазағымның өлмейді әлі.
Тектілік бабалардан қанға сіңген,
Болғанмен мұңға толы өң, дидары.
Көңілін шаттық кернеп, тарқайды мұң,
Қазақтың шыңға басып, өрлей бағы.
Бірлік пен берекесін сақтау үшін
Бір-бірін бауыр көрсін бөлмей бәрі.
Жаңғырып дәстүріміз әрбір тойда,
Көп болсын қазағымның төл мейрамы.
 
Мен бұрын Злиха айтқан құнан едім,
Топ жарар болдым бүгін құлагерің.
Ағайын, алдарыңда танытайық
Ахаң мен Мұқаңдардың мұрагерін.
Көзімнің ақ-қарасы «Айқап», «Қазақ»,
Елімнің тілі менен құлағы едің.
«Қостанай таңы» деген басылымды
Солардың жалғасы деп ұғар едім.
Тойлатып ғасыр тойын, айтыс жасап,
Он ақын шарлағандай жыр әлемін.
Мән беріп әр айтысқа зер салатын
Зерделі сен аман бол, қырағы елім.
Сен де енді, Злихажан, сау болып тұр,
Шеңгелді, томағасыз қыран едің.
Айтыста айып болмас айтылған сөз,
Сақтасақ ең бастысы жыр әдебін.
Құрдас боп қалжыңдасам, көңіліңе
Сөзімді жақын алма мына менің.
Тойында Сералиннің жолығармыз,
Көруге туған жерін құмар едің.
Қайтармыз өрнек салып өзімізше,
Өрнектің дүбірлетіп құба белін.
 
Злиха:
Сөз тергенің құптайтын қадам емес,
Злиха сені тыңдар балаң емес.
Арсыздар жеңеді деп артық кетпе,
Тағы да шығып кетер одан егес.
Қазіргі ақындардың бәрі ақылды,
Бұл заман Абайлардың заманы емес.
Мұғалім болып едің сен де бұрын,
Дей алмаймын жүрегің жаралы емес.
Көре алмай ұстаздардың жалақысын,
Күшейіп бірте – бірте барады егес.
Сен де ұстаздың алдынан өтпеп пе едің,
Сөздерің көкейіме қонар емес.
Ал, қазір мұражайдың бастығысың,
Дейсің бе қызметім жоғары емес.
Ұжымыңмен сыйыспай шығып кетсең,
Өкпеңді директорға айт маған емес.
 
Дүние, қу түлкідей құбыласың,
Күрессең сынағымен шынығасың.
Оқырманнан қымсынбай қисық сөйлеп,
Жаман әйел секілді жұлынасың.
Абайлардың заманын алға тартып,
Құрандай шыныңды айтып құнығасың.
Тілің мен құлқыныңды тыймай жатып,
Бес уақыт намазға да жығыласың.
Жүйріктен жүйрік озып жарысқанда,
Болады біреуінен бірі басым.
Өзіңді мықты ақынға теңей бердің,
Болса да Злиханың жыры басым.
 
Қыңыр сөз сөйлей бермей қалың елге,
Қолыңнан келсе елдің жанын емде.
Сералин мен Майлиндер қазақ үшін,
Саналған рухани дәрігерге.
Бұрынғылар аз сөйлеп , бір – ақ кесіп ,
Тентекті қаймықтырған кәрімен де.
Қазіргінің ерлері ұсақталып,
Ұқсамайды ел қорғар алып ерге.
Сен секілді сумаңдап отырады,
Алысып ағайынның бәрімен де.
Ақты ақ деп, қараны қара деп айт,
Азғырушы сайтанның соңына ерме.
 
Тығылмай арасына қамыстардың,
Итің жаман десе де намыстандым.
Ата – баба атына кір келтірмей ,
Азулы ақындармен алысқанмын.
Бұл айқастан аман – сау шыға алмайсың,
Іліндің тырнағына арыстанның.
Мұхамеджан, Шоқан мен Ыбырайдай,
Ақылын тыңдап келем данышпанның.
Ахмет, Міржақып пен Әлихандай,
Ерлігін жырлап келем арыстардың.
Сен шығарсың облыста жүргеннен соң 
Шашбауын көтеретін орыстардың.
Елімнің ертеңі үшін құрбан болған,
Алдында бабалардың борыштармын.
 
Жасымнан жаман өлең құрамадым,
Басына шыққандаймын мұнараның.
Сыбағам кеткенменен сырттағы елге,
Жұбанам, елді көріп жұбанамын.
Тілегім орындалды – ау Алла қалап,
Жүрегім аңсап жүр ед жыр алаңын.
Бөлініп бөрілерге жемтік болмай,
Жүрейік баласындай бір ананың.
Біз онсыз да баласы емес пе едік,
Киелі қарт Торғайдай ұлы ананың.
Қазаққа пана болсын Хақ Тағалам,
Қабыл ап жұмадағы дұғаларын.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓