Карантин шараларын күшейту керек
Президент Қ.Тоқаев бүгін коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте үкіметке шұғыл шараларды қабылдаумен бірге, коронавирус пандемиясының ұзақ мерзіміне дайындықты бастауды жүктеді. Осыған байланысты келешекте қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша Ұлттық жоспар әзірлеуді де тапсырды. Сонымен қатар, Президент әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарап, түрлі конференциялар мен дөңгелек үстелдерден, салтанатты шаралардан бас тарту керектігін, ал оған бөлінген қаражатты эпидемиямен күреске жұмылдыру керектігін атап өтті. Мұның сыртында мемлекет басшысы қазіргідей қиын жағдайда дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының жетіспей жатқандығын, тестілеу үшін зертханалардың қуаттылығы аз екенін, компьютерлік томография үшін және өкпені жасанды желдету құрылғылары да жетіспей жатқанын жеткізді. Сол себепті де, зертханалық зерттеулердің тиімділігін, ПТР зертханаларының саны мен қуатын арттыруды тапсырды. Осы орайда, үкіметке халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін бес күн ішінде шешуді, ал екі күннің ішінде осы жылдың наурыз-мамыр айындағыдай қатаң карантин шараларын енгізу бойынша ұсыныс әзірлеу керектігін де қадап тапсырды. Президенттің әсіресе карантин шараларын күшейту туралы ойымен біз де дәрігерлер толықтай келісеміз. Өйткені, тұрғындардың сақтық шараларына салғырттық танытуының салдарынан қауіпті дерт дендеп барады. Кейбір адамдар тіпті жасырын түрде түрлі отбасылық шараларды өткізіп, адамдардың көптеп шоғырлануына мүмкіндік жасап, осылайша аурудың тез таралуына әкеп соқтыруда. Қазірдің өзінде біздің облыста ауруды жұқтырғандар саны төрт жүзден асып кетті. Мұның бәрі осы сақтық шараларына немқұрайлылық танытқанның кесірі. Сондықтан, Президентіміз айтқандай, карантин шараларын күшейту қажет.
Облыстық аурухананың жүрек-қантамыр бөлімшесінің меңгерушісі