Тұл жетім

(диалог-әңгіме)
-Шынымен де ет жақындарыңнан ешкім жоқ па?
-…Темекі берші,- тебіндеп өскен бала-мұртын сұқ саусағымен сипалап отырып, маған ойлы көзімен жасқаншақтау қарады да, мұрнының астымен күбір етті.
-«Жалғыздың жары – Құдай» дей ме? Һеһ!- зорлықпен жымиып, темекісін құныға бір сораптап алды. Сәлден соң, жалғасы есіне түсті ме, басын төмен салып отырып сөзін сабақтады.- Бұл, шамасы, біздей міскіндерге жұбаныш болу үшін ғана айтылған болар. Әйтпесе, мына қоғам  менен сырт айналғанда, тіршіліктен таяныш таппай, адамдар көзінен аяныш көрмей, аяр тағдырға аяқасты болғанымда сәт сайын одан медет тілемеп пе едім?!..
-Бауырым, әрине, сенің тағдыр теперішін көрудей-ақ көргеніңді білем. Бірақ, бұлай Құдайға қапа білдіруге болмайды ғой. Асығыс тұжырым жасамаса керек.-онысыз да жарымкөңіл жігітке нығыздап айтуға батпай, ойымды жұмсартып жеткізуге тырысудамын.-Қол-аяғың сау, жассың… Тірісің! Сабырдан безердей сенің жөнің жоқ. Керісінше, әрқайсысымыз тірі жер басып жүргеніміз үшін, әр таңды аман-есен атырғанымыз үшін Оған шүкіршілік айтуымыз керек болар … «Нелер бір келіп, не кетпес  ер жігіттің басына?!» – естуің бар ма мұндайды? Бұл да сынақ шығар: өтеді де кетеді ғой. Мықты болу керек.  …Сосын, қоғам да сен айтқандай қайырымсыз емес, білесің бе? Тек…
-Ақыл айтушы мен ақыл тыңдаушының рөлін ойнағаннан оңай не бар?- сөзімді бөліп жіберді.- Сен «күннің бергі бетінде» жүргендіктен солай дейсің. Жо-жоқ, жаныңмен түсінерсің де мені, бәлкім. Бірақ, менімен бір сәтке де тағдырыңды айырбастап көргің келмес еді. Басқа салмасын! Өмір егер өгейсітіп, өзекке тепкісі келсе, өзінің ішінде адастыра салады екен…
-Түсіне алмаймын сені,-аузынан түтін мен түңілістің сөздері қосарласа «будақтап» отырған жігітке кінәмшілдеу кейіппен қарадым, әрі «ақыл айтушы» дегені қытығыма тиді. – Тепсең, темір үзесің. Тұл жетім болғаның сенің аяғыңнан тік тұруыңа осыншама кедергі ме? Ренжіме, әрине… бірақ, меніңше, өзің әлсізсің. Қоғам деген – ол сен, мен, біз, әрқайсымыз. Кінәлағаннан табар опаң жоқ. …Мәселен, мүгедектерде бар жігер, талпыныс, өмірсүйгіштік сенде неге жоқ? Мүмкіндігі шектеулілерге қарағанда, қос қолға бір күрек ұстай аласың емес пе? Кімге өкпелейсің енді, бауырым? Жауап берші осыған, ал.
-Қай қайырымды қоғамды айтасың? Мені шынашақтайымнан, анам туа сала бас тартқан соң, дені дұрыс жетімдерге арналған мекемеде орын болмағандықтан, ақыл-есі кемдер тәрбиеленетін интернатқа лақтырып тастаған обалсыздарды ма?- кенет оның көзі шыныланып кетті. Қуыстанып қалдым. Алайда, сабасына тез түсті ол. Әңгімесін байыппен жалғады. – Ол жерге түскен бетте психиатриялық ауруханаға автоматты түрде тіркеуге алынасың. Міне, салдары: «ақыл-есімнің кем» екендігі туралы мәлімет мені әлі күнге тырп еткізбейді, қолды жіпсіз байлайды, аяққа – тұсау. Кәсіптік колледжге түскем. Қолыма диплом ұстатты да, «қайда барсаң, онда бармен» жөніме жібере салды. Содан бері «қайда барсам – Қорқыттың көрі». Денім сау екенін дәлелдеуге мүмкіндік ала алмай жүрген жоқпын ба.
-Нан табам десең, дипломсыз-ақ та амалдап…
-Қара жұмысты айтасың ба?- ойымды жинақтатып үлгертпей, әлде ауыз суытқысы келмей ме, сөзімнің соңын тағы «жеп» қойды. –Осы күнге дейін оны да көріп келеміз. Қорғанышы жоқ сорды біреу қайтсін? Айлап, апталап жұмысқа жегіп алып, нан-сулық қана пұлмен қайқайтып жіберді талайы. Керексең, қара жұмыс істеу үшін де таныс қажет қазір. Тете туысың болмаса да сүйеніш қылар жан керек. Әйтпесе, құлдыққа салып жіберсе де, құным сұраусыз… Осыдан кейін қоғамның қайырымды екенін айтып, дәл мені сендірмей-ақ қойсаң болады. Әйтпесе, айтшы, әлі күнге неге қайыршымын? Тіршілік үшін табалдырықтарға көзімді сатқанымда таңдайыма кім тамшы тамызды? Қалжырап, есеңгіреп келіп, талай рет қоқыс қопарып өзек жалғадым. Нанбайтын шығарсың…- ләм-мимсіз, аузыма темекі қыстырып, бар көңілімді сол темекіні тұтатуға ғана бөліп жібергендей сыңай таныта салдым тосыннан. Ол болса әңгімесін әрі сабақтайды.- Кейде көшенің әр қалтарыс-бұлтарыстарында сыз төсеніп, аспан жамылып, томар жастанып жатып, дұшпан-ойларға ерік берем. Тіпті атып тұрып, сол дұшпан-ойлардың жетегіне еріп кеткім де келеді…
-Суицид пе?- деп гүрс еткіздім, айтпағын алдын ала байқап қойғандай. Әуелгіде басын не шұлғырын, не шайқарын білмей қалды. Сұқ саусағымен шекесін таянып сәл кідірді:
-…Оған да «талпынып» көргем. Бірақ… өмір-өлім шекарасына келіп тақай бергенде үміт құрығыр жолды кес-кестейді. Сол үміт үшін ғана өмірді талақ етуге батпайсың. Жан шіркін тәтті бәрібір. Бірақ менің айтқым келгені мүлдем басқа-тын… Сен бөліп жібергенге дейін… Қылмыс жасағым келген. Мүмкіндігінше, ауыр қылмыс. Өйткені бүйтіп бостандықта аш-жалаңаш, көше түнеп жүргенше… түрмеде жатып қарыным тоқ, төсегім жайлы, ұйқым тыныш болар ма еді. Қылмыскерлерді мемлекеттің бағатынын білем. Қылмыскер атансаң, қамқорлық көресің ғой әйтеуір… Дұшпан-ой дегендегі айтқым келгені – осы-тын. Қанша мысықтілеу ниет десең де, әділетсіздік болса да, бұл – шындық!
Мұныкі өзінікіше дұрыс. Жан-жағын тұмшалаған түнектен иненің жасуындай саңылау тауып кірген сызат үміті, сарқынды амалы сол болған ғой. Осы кезде, оның жағдайында «Ұрлық түбі – қорлық» дейтін мақалды, мәтінін 180 градусқа «майыстырып», «Қорлық түбі – ұрлық» деп қолданғың келеді екен. Алайда… қалай болғанда да, бұл бізге бәрібір пасықтық, масылдық ниет болып көрінеді. Түсініп тұрсам да, түсінгім келмеді сондықтан. Түсінгім келгенін білдірмеудің лажын қылдым. Басқаша қалай? Әуелде мардымды ештеңе айта алмадым. Кейін қарсылыққа көшуім керек болды:
-Жоқ, дұрыс емес мұның. Келісе алмаймын сенімен бәрібір. Мемлекет сендейлерді ешқашан қамқорлықсыз қалдырмауы керек-тін. Пәтерін пәтердей, жұмысын жұмыстай, ақшасын ақшадай беріп жатыр. Көзіміз көріп, аузымыз айтып жүр. Бәріміздің құқығымыз қорғалған! Халық – мемлекеттің басты қазынасы. Жетім жылайтын заман емес қазір. Неге аққұла сені сыртқа тепті деп ойлайсың? Мұндай халге жетуіңе өзіңнің де кінәң бар деп ойламайсың ба шынымен? Небары 24 жастағы жігіттің сөзі осылай болуға тиісті ме?-…деуі деп алып, іркіліп қалдым. Ойым пышырап кетті, білем. «Өй, манадан саған не айтып отырмын?» дегендей көзіме тура қарады. Жасқаншақтығына салып, жанары тағы тайып кетті. Иығына қолымды қойдым.- Тығырықтан шығар жол қашанда табылады, бауырым!
Демеу сөзімді беймарал жүзбен қарсы алды:
-Темекі берші…
 
Еркін Айдар

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓