Өтеген Исенов: «Тарих – ұлтжандылықты оятатын пән»

«Мәңгілік ел» идеясы – ел ертеңі. Ұлттық идеяның негізгі формуласы ұлттық тарихта жатқандығын атап өткен елбасымыз өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде :
 «Тарих дегеніміз өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі», –  деген болатын. Сондай-ақ, «Тарих ғылымының басты міндеттерінің бірі – ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу. Бұл тұрғыда тәрбие беру қоғамның өткені мен бүгінін байланыстыратын тарихи сананы қалыптастырмайынша мүмкін емес» деп атап өтті. Яғни, «қазақ» деген атты арқалаған ұлтымыздың әрбір перзенті өзінің тарихи санасын дұрыс қалыптастыра білуі керек. Ал тарихи сананы қалыптастырушы орта – білім беру ошақтары болып табылады.
Біз арнайы «+16 жастар пікірталас алаңы» айдарының оқырмандары үшін ҚМПИ-ның оқытушысы, тарих ғылымдарының кандиданты, доциент Исенов Өтеген Ихсанұлын жасөспірімдедің тарихи санасын қалыптастыру барысындағы еңбектерін назарға ала отырып, сұхбатқа тарттық.zs2pCuh9_5A
  • «Тарих – ұлтжандылықты оятатын пән» дедіңіз. Мыңдаған жылдық тарихы бар ұлтымыздың қазіргі болмысының сипаты қандай?
  • Иә, тарих – ұлтжандылықты, Отаншылдықты оятатын пән. Олай дейтініміздің себебі, тарихымызды оқып, білу арқылы ұлтымыздың өткен күнгі мәдениеті мен дәстүріне көз жүгіртіп, тарихтың тағылымын аламыз. Яғни, жақсы жағын алып, жаман жағын болдырмауға тырысып, ұлт болып ұйыса отырып, негізгі идеологиялық мәселелердің шешімін де тарихтан қарастыра аламыз. Бұл тұрғыдағы тарихтың тағылымы жайында көп нәрсені айтуға болады.  Оның толықтай маңызын елбасымыз өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде баяндап берді.
Ал біз қазіргі таңда ұлтжандылықты ояту арқылы ұлттық сипатымызды сақтап қалуға тырысып қана қоймай, оны жан-жақты дамытуға ұмтылуымыз керек.
  • Жалпы, тарих ұлтымыздың ұлы екенін айқындайды. Сол ұлылықты қайта жаңғырту үшін бізге не істеу керек?
  • Ол үшін тарихи санаға сүйеніп жасалған «Қазақстан – 2050» стратегиясын мықтап ұстануымыз керек. Осы стратегияның түп қазығы етіп алынған «Мәңгілік ел» ұлттық иядеологиясын терең ұғына білуіміз де қажет деп ойлаймын. Әрине, мәңгі ештеңе жасамайды. Бірақ, ұрпақ сабақтастығын ескергеніміз дұрыс. Мысалы, былтыр қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Ал сіздер мен біздер осы тойдың куәсі болып жатырмыз.  «Мәңгілік ел» дегеніміз осы. Сол тарихқа сабақтастыра отырып, стратегияны мықтап ұстанып,  ұрпаққа ұлы еңбектер қалдыра білсек, ол – мәңгілік елдің көрінісін береді. Одан кейін келесі ұрпағымыз «Міне, біздің тарихымыз осындай» деп мақтану арқылы ұлттық идеологияның негізі кеңейе түсе беретін болады.
  • Біз – қазақ – тарихта мал баққан елміз. Кешегі кеңес дәуірінен кейінгі тәуелсіздіктен бері нарық заманына бой алдырып келеміз. Елбасымыз тәуелсіздік алған жылдары қазіргідей дағдарысты күн туатындығын, мұнайдың бағасы төмендейтіндігін айтқан болатын. « Біреудің басқан ізімен жүрме, ешқашан алда бола алмайсың» дегендей, қазіргі дағдарыс кезінде мал шаруашылығын мемлекет тарапынан жүйеге келтіріп, оның өнімдерін дамыта келе нарықтық аренаға шығара алуымыз мүмкін бе?
  • Өте орынды сұрақ. Біз негізінен тәуелсіздікті алғаннан кейін тарихымызды қайта жаздық. Себебі , оған дейін оқытылған тарихымыз – саясаттандырылған тарих болды. Ол заманда өз мал-мүлкімізге өзіміз ие бола алмадық. Отаршылдық әрекеттер жүргізілгенмен, күні кешеге дейін төрт түлік малмен күнелткен халықпыз. Ол заманда төрт түліктің ішінде сиырдан басқа малдарды тебіндеу арқалы мал бағудың дамыған түрлерімен айналыстық. Ал қазіргі таңда шаруашылықты «бордақылау» деген жолмен жүргізіп жатырмыз, ол да жақсы өнімін береді деп жатыр.
Көбіне қазір селекция жүргізу арқылы «қара тұқымдыларды» шет елден әкеліп жатқандар да бар. Бұл да жақсы, бұл – керекті жұмыс. Осы жұмысты біздегі жұмыспен будандастыра отырып, өзіміздің төзімді, таза мал тұқымын ала білуіміз керек. Ол қандай таза мал еті? О шетелдегідей биоқоспалар қосылмаған мал еттері. Біздің елде мал шаруашылығын дамытып, шығаруға мүмкіндік бар.Сол арқылы қазіргідей мұнайдың бағасы түсіп кеткен жағдайда өзіміздің экономикамызға серпін әкеле аламыз. Малдың тек қана еті емес, оның сүті, терісі дегендерді біз толығымен пайдалана алмай келеміз. Мысалы, Ақмола облысында аяқ киім шығаратын цех ашылды. Оған терілер шет елдерден әкелініп жатыр. Ал ол терілер біздің ел де де бар. Біздер қойдың, жылқының терісін ешкім алмайды деп, көшеге тастап жатырмыз. Соның бәрін жинап, өңдейтін цех ашылса, біз шет елден тері сатып алмаған болар едік. Екіншіден, тон, жаңағы аяқ киім, күрте дегендер өзімізден шығып, бағалары арзан болар еді. Өзімізден шығару өз алдына, олардың сапасын жақсартып, шет елдерге экспортқа шығарар едік.Ал бұл жұмыстардың жобасын жасап, іске асыру кімнің қолында? Әрине, сіз сияқты жаңа толқынды туындатып келе жатқан жастардың атқаруы керек жұмыстар деуге болады.
  • Шындығында, осы ойдағы мақсаттарымызды айқындап алу үшін сізді сұхбатқа тартып отыр едік. Сол ойымыз іске асқан сияқты. Осы орайда ұлттық идеологиямыздың мағынасын кеңінен аша түссеңіз…
  • «Мәңгілік ел» ұлттық идеологиясы ерте орта ғасырдағы Бумын қаған кезінен бері келе жатыр. Бұл идея «Күлтегін» ескерткішінде жазылған. Ал ол кезде басқа еуропалық елдер мен күн шығыс елдерінде мұндай идея болған жоқ. Сол кездегі идея өз жерімізде бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Бұл идея түп қазық болған «Қазақстан – 2050» стратегиясы еліміздің мәңгілік ел болуына алғышарт ретінде жасалып отыр. Онда экономиканы тұрақты ету, саяси тұрақтылықты сақтай отырып, ұлтаралық татулықты сақтай алудың жайы көрсетілген. Осы стратегияны ел болып мықтап ұстансақ, мықты ел болып, дамыған отыз елдің қатарына қосыла алатындығымыз жөнінде айтылған. Бұл идеологияны жасауға бізде негіз бар. Шикізатымыз жеткілікті, жер көлемі кең, демографиясы дамып жатқан мемлекетпіз. Осы негіздер болашағымыздың жоспарын құруда үлкен сенім береді.
  •  Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!
Сұхбаттасқан : Жұлдыз Қадірова
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓