Антқа берік, қызметке адал
23 маусым – Қазақстан полициясының күні.
Дәл қазіргі сәтте тәртіп сақшыларының қызметі аса жауапты күндерді бастан өткеріп жатыр. Әлемді шарпыған індет Қазақстан полициясына оңай тимеуде. Онсыз да күнделікті қарбалас, қым-қуыт, қауырт мамандық иелері, әсіресе, елде төтенше жағдай жарияланғалы дамыл тапқан жоқ. Үш айдан астам уақыт тікеден-тік жүріп еңбек етіп келеді. Оған бір ғана өңіріміздегі блок-бекеттерде өзгенің өмірі үшін өз өмірлерін қатерге тігіп, күзетшілікте тұрған тәртіп сақшыларын айтсақ, жетіп жатыр.
Ең өкініштісі, қызмет бабында қыршыннан қиылып жатқан ішкі істер органы өкілдері де жоқ емес. Тәуелсіздік алған жылдардан бері өңірімізде қызмет бабын атқару барысында 48, бұзақы-қылмыскерлерді құрықтау кезінде 11 полиция қаза тапты… Шейіт кеткендердің екеуіне мемлекеттік дәрежедегі «Айбын» ордені, 32-сіне «Ерлігі үшін» медалі табысталды…
Дегенмен талайды өлім аузынан аман алып қалып, өздері де мерт бола жаздағандары қаншама! Мына бір жанкештілік оқиға жітіқаралықтардың есінде көпке дейін сақталып қалмақ. 7 маусым күні кешкісін Жітіқара аудандық полиция бөлімінің «102» пультіне жергілікті тұрғындардан төртінші қабаттан секіргелі тұрғалы жайында хабарлама келіп түсті. Куәгерлер 4-ші шағын аудандағы 22-ші үйдің мекенжайын айтқан. Абырой болғанда, патрульдік полиция взводы қызметінің инспекторлары Абылай Аменов, Қайрат Исмаилов және Алданыш Берденов бұл араға дер уақытында жетті. Полиция келген кезде балконға асылып тұрған әйел 29 жастағы әйелдің әлі де таусыла бастаған екен.
Полиция капитаны Абылай Әменов үшінші қабаттағы пәтердің балконынан келіп, иығын әйелің аяғына тосады, осылайша оған төртінші қабатқа көтерілуіге демеу жасайды. Полиция кіші лейтенанты Қайрат Ысмайылов Абылай Әменовтің белдігінен берік қылып ұстап тұрған. Полиция кіші лейтенанты Алданыш Берденов төртінші қабатта әйелді қолынан алады. Осылайша тәртіп сақшылары келіншекті құтқарып қалды.
– Ойымда әйелді құтқарудан басқа ештеңе болған жоқ. Мұндай жағдаймен алғаш рет бетпе-бет келдім. Қауіпті болса да, адам өмірі қымбат. Тіпті, асылып тұрған оны көтеремін деп өзімнің де аяғым тайып құлай жаздадым. Әріптесім Қайрат Ысмайылов ұстап қалды, – деді капитан А.Әменов.
28 жасар Абылай – Жангелдин ауданы Қызбел ауылының тумасы. Арқалық экономикалық колледжін тәмамдап, әскери борышын өтеп келгеннен кейін Жітіқараға ішкі істер органына жұмысқа келіпті. Отбасын құрған, бір қызы бар. Қазақстан полициясы күні ол еліміздің қорғандары болған барша әріптестеріне еңбекте табыс, қызметте абырой мен сәттілік тілейді.