Мал ауруы азаймай тұр
Тобыл өңірі мал бруцеллезі бойынша республикада төртінші орында тұр. Облыстық ветеринария басқармасының бөлім жетекшісі Бауыржан Бекеттің айтуынша, былтыр өңірде 644 мың бас ірі қара жоспарлы тексеруден өткен.
Тексеру нәтижесінде 5 мың 592 ірі қараның бруцеллезге шалдыққаны анықталған. Эпизотиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында облыс мал дәрігерлері бруцеллез кең тараған 6 ауданда індеттің алдын алу шараларын күшейтті.
-Бруцеллез бойынша жасалған дәрігерлік талдаулар соңғы үш жыл ішінде бұл аурудың, әсіресе, Әулиекөл ауданында белең алып бара жатқанын көрсетті. Сондай-ақ, Алтынсарин, Денисов аудандарының да эпизотиялық аһуалы мәз емес. Бруцеллез – жұқпалы ауру. Оның кең таралып кетуіне кей жағдайда ірі шаруашылықтардың өздері себеп болып отыр,-дейді облыстық ветеринария басқармасының бөлім жетекшісі Бауыржан Бекет.
Бүгінде облыста 20-дан астам малдәрігерлік бекет жұмыс істейді. 236 елді мекенде ветеринарлық пункт бар. Мамандар өз міндетіне адал. Алайда, кейбір шаруашылықтардчың бүтіндей бруцеллез ошағына айналып отырғаны алаңдатады. Мәселен, былтыр Жітіқара ауданындағы Приречный серіктестігінің 2 мың бас ірі қара малынан осы індет таяқшалары табылған. Шаруашылық басшысы мал басын асылдандыру бағытындағы ұзақ жылғы есіл еңбектің еш болғанына өкінеді.
Бруцеллез – жұқпалы әрі созылмалы ауру. Мұнымен ауырған малды емдеу – ұзақ уақытты және қомақты қаражатты қажет етеді. Яғни, бруцеллезді емдеу – экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан ауырған ірі қара 15 тәулік ішінде сойылуы қажет, – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берікжан Қайыпбай.
Айбек КӘДІРҰЛЫ