Рақымшылыққа кімдер ілігеді?

ҚР Праламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірауыздан мақұлдап дауыс берді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл жолғы рақымшылық шарасында әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінгенін атады.
«Биыл егемен еліміз үшін елеулі кезең. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы әзірленіп, бүгін мақұлданып отыр. Әрине, рақымшылық мемлекет тарапынан жасалып отырған ізгі және сенім шарасы. Сондықтан бұл жолы да алдымен мемлекеттің және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп келтірмейтін қылмыс жасағандар босатылады. Сонымен бірге осы заң жобасында алғаш рет әлеуметтік төмен топқа ерекше назар аударылып отыр», – деді Мәжіліс төрағасы.
Оның сөзінше, рақымшылық аясында жазадан босаған адамдардың қалыпты өмірге кірігуіне жағдай жасалмақ.
«Әрине, рақымшылық жасау бостандық берумен ғана шектелмейді. Одан кейін де ол адамдарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және басқа да көмек көрсету мәселелері осы құжатта жан-жақты қаралды», – деді Нұрлан Нығматулин.
Еске салайық, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық кімдерге берілетінін айтқан болатын.
«Оның мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту. Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады», – деді министр.
Оның мәліметі бойынша, заң жобасын талқылауға мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері және сарапшылар атсалысқан.
«Еліміздегі 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 5 мың адам тергеуде қамауда отыр. 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45 пайызы оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда», – деді Ерлан Тұрғымбаев.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓