Әбден мүмкін…

Қостанай облысында карантин қайтадан қатаңдануы ықтимал. Мамандар санитарлық талаптардың сақталмауы салдарынан өңірде коронавирус жұқтырғандар санының өсіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр. Соңғы төрт тәулікте облыста 43 адам дертке шалдыққан… 90948934_2515535865361684_2560106189828390912_o
Облыста карантинді босаңсытудың бірнеше кезеңі өткені белгілі. Көптеген мекеменің жұмыс істеуіне, тұрғындардың үйден емін-еркін тысқа шығуына рұқсат етілді. Бірақ бұл, мамандар айтуынша, коронавирустың таралуына себепші болып отыр. Оның үстіне, инфекция енді облыстың бұған дейін болып көрмеген елді мекендеріне жетіп жатыр. Атап айтқанда, аурудан ада отырған Амангелді, Жангелдин аудандарынан кесел жұқтырған адамдар табылды. Арқалық қаласында да жайсыз жаңалық жиілеп кетті.
Бүгінгі дерек бойынша, Қостанай қаласы корнавирус жұқтырған науқастар саны жөнінен алда тұр – 18 адам. Облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Владимир Нечитайло қостанайлықтардың әлеуметтік арақашықтық сақтауды, автобустарда және өзге де қоғамдық орындарда маска тағуды қойғанын алаңдаушылықпен айтып отыр. Мұның бәрі, оның сөзінше, карантиннің бұдан ары жеңілдеуіне емес, керісінше, қатаңдануына алып келеді.
"Егер індет жұқтырғандар саны өсе беретін болса, тиісті талаптарды сақтау қаперсіз қалдырылса, облыс көлемінде де, Қостанай қаласында да карантиндік шараларды күшейтуге мәжбүр боламыз", – деп түсіндірді В.Нечитайло.
Естеріңізге салайық, қазіргі таңда облыс көлемінде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 241-ге жетті. Емделіп шыққандар – 186 адам.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓